Қазақстанда соңғы 15 жылда болмаған мол астық жиналды

124

Қазақстанда 2026 жылғы егін жинау науқаны қорытындыланып, 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұндай мол өнім еліміздің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Биылғы науқанның басты ерекшелігі – астық көлемімен қатар сапасының да жоғары болуы. Алдын ала деректерге сәйкес, элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген үлгілердің 48 пайызында дән маңызының мөлшері 28 пайыздан жоғары болған. Ал Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90 пайызға, жоғары ақуызды Hi-Pro санатындағы өнімнің үлесі 70 пайызға жетті.

Сапалы астық – ішкі нарықтағы азық-түлік өндірісінің маңызды шикізаты әрі экспорттық әлеуетті арттыратын негізгі фактор. Бұл отандық өңдеу кәсіпорындарының дамуына және қазақстандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады.

Қазақстан астық экспортында да оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Соңғы екі маркетингтік жылда еліміз 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттаған. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін шетелге 1,657 млн тонна астық жөнелтілген. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары.

Мол өнім жинауға аграрлық саладағы мемлекеттік қолдау мен техникалық жаңғырту жұмыстары да ықпал етті. Биыл егін жинау науқанына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың комбайн және 17 мың жатка жұмылдырылды. Сонымен қатар шаруаларды жеңілдетілген қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыш жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты.

Соңғы жылдары тыңайтқыш қолдану көлемі де айтарлықтай өсті. 2025 жылы шаруалар 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыш пайдаланса, 2026 жылы жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы егістікке енгізілген. Элиталық тұқымдардың үлесі 12 пайызға жетті.

Техникалық жарақтандыру бағытында да ілгерілеу бар. Ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 2023 жылғы 85 пайыздан 2025 жылы 65 пайызға дейін төмендеген. Ал жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы аграршылар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 астық жинайтын комбайн сатып алған.

Дегенмен аграрлық саланың алдында өнім көлемін арттырумен қатар, оның сапасын тұрақты жақсарту, су мен жер ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу міндеттері тұр. Әсіресе климаттың өзгеруі жағдайында егін шаруашылығын жаңа талаптарға бейімдеу маңызды.

Биылғы 24,3 млн тонна астық – шаруалардың еңбегі мен саладағы жүйелі жаңғырту жұмыстарының нәтижесі. Ендігі міндет – мол өнімді тиімді өңдеп, экспорттық бағыттарды кеңейту және ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы үлесін арттыру.

Advertisements