Арал туралы тағылымды туынды көрерменге жол тартты

14

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық деректі кино апталығы ел руханияты мен отандық деректі кино өнерінің дамуына серпін берген маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды. Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен өнерсүйер көрермендер қатысты.

Аталған мазмұнды кешке “AMANAT” партиясының Атқарушы хатшысы Кәрібек Даулет Жамаубайұлы да арнайы қатысып, көрсетілген деректі фильмдердің маңыздылығына тоқталды. Шара барысында Президент Телерадиокешенінің шығармашылық ұжымы дайындаған бірнеше деректі туынды көпшілік назарына ұсынылып, әрқайсысы қоғамның өзекті мәселелерін терең қозғауымен ерекшеленді.

Кино апталығы аясында көрсетілген фильмдердің ішінде Арал өңірінің тағдырына арналған деректі туынды көрермен тарапынан ерекше ықыласқа ие болды. Бұл фильмде Арал мәселесі тек экологиялық дағдарыс ретінде емес, тұтас бір өңір халқының тағдырымен, тұрмысымен және тарихи жадымен сабақтас кең ауқымды тақырып ретінде ашылған. Шығармашылық топ фильмнің негізгі желісіне Арал ауданының тумасы, балықшы Күнтуған Тұрғынбаевтың өмір жолын арқау етіп, қарапайым еңбек адамының тағдыры арқылы өңірдің тұтас болмысын шебер бейнелей алған.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – фильм кейіпкері Күнтуған Тұрғынбаевтың көрермендер арасында болып, туындыны алғаш рет көпшілікпен бірге тамашалауы болды. Қаратерең ауылынан арнайы келген балықшы көрермендермен еркін әңгімелесіп, өз өмірінен сыр шертті.

– Менің бүкіл ғұмырым Арал теңізімен тығыз байланысты өтті. Теңіз – біздің өткеніміз ғана емес, бүгініміз бен болашағымыз да. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен Аралға деген ерекше көңіл – халық үшін үлкен үміт, – деді ол өз сөзінде.

Бүгінде Арал мәселесі тек өңірлік деңгейдегі түйткіл емес, халықаралық деңгейде қарастырылып отырған маңызды экологиялық тақырыптардың біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысы жанданып, өңірде бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Соның нәтижесінде Солтүстік Аралға су жіберу көлемі артып, балық шаруашылығы қайта жандана бастады, ауылдық елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық белсенділік күшейіп келеді.

Кино апталығы барысында ұсынылған деректі туындылар көрерменге тек ақпараттық мазмұн ұсынып қана қоймай, ел тарихы мен халық тағдырын терең сезінуге мүмкіндік берді. Деректі кино қоғам шындығын бейнелейтін рухани айна екені тағы бір мәрте айқындалды.

Advertisements