Аралда мыңнан астам түлек мектеп бітірді

43

Бүгін аудан аумағындағы барлық білім беру ұйымдарында 2024–2025 оқу жылының қорытындысына арналған мектеп бітіру салтанатты кештері ұйымдастырылды. Бұл күн – он бір жыл бойы білім мен тәрбие алған түлектердің алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын ерекше әрі жауапты сәті.

Мектеп бітіру – әрбір түлек үшін өмір жолындағы маңызды белес. Ұстаздар қауымы өз шәкірттерін жаңа арман мен биік мақсаттарға жетелеп, ақ жол тілесе, ата-аналар балаларының болашағына зор үмітпен қарап, ақ батасын берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген Сексеуіл кентіндегі №294 орта мектебі биыл алғаш рет өз түлектерін үлкен өмірге шығарып салды. Бұл оқу орны үшін де, білім ордасының алғашқы шәкірттері үшін де тарихи әрі есте қаларлық сәт болды. Салтанатты шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, түлектерді айтулы күнмен құттықтап, сәттілік тіледі.

Шара барысында түлектердің ата-аналары атынан Ы. Лекерова сөз сөйлеп, мектеп әкімшілігі мен ұстаздарға алғысын білдіріп, жас түлектерге ақжарма тілегін арнады. Кеш барысында оқушылар ұстаздарына арналған әндер орындап, мектеп қабырғасындағы жылы естеліктерін еске алды. Дәстүрге сай түлектер вальс билеп, соңғы қоңырау сәтінің әсерлі көрінісін сыйлады.

Аталған мектепті биыл 28 түлек аяқтап отыр. Олар алдағы уақытта өздерінің өмірлік мақсаттары мен кәсіби бағыттарын айқындап, үлкен өмір жолына қадам басуда.

Жалпы, биыл аудан бойынша 1093 оқушы мектеп бітіруде. Олардың ішінде 76 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, 64 оқушы «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге І лек бойынша 777 түлек, ІІ лек бойынша 774 түлек қатысуға өтініш берген.

Advertisements