«Мектебім, саған мың алғыс!»: түлектерге арналған салтанатты жиын өтті

Мамыр айының шуақты күндерімен қатар келетін мектеп бітіру сәті – әрбір түлек үшін ерекше мәнге ие, балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын жауапты кезең. Бұл күн – білім ордасында өткен жылдардың қорытындыланып, ұстаз еңбегі мен шәкірт жетістігі тоғысатын маңызды белес.
Осыған орай бүгін Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты бітіру кеші ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, түлектерді, ұстаздар қауымын және ата-аналарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде жас түлектерге бағыт-бағдар беріп, олардың алдағы өмір жолына сәттілік тіледі.
– Қай салада жүрсеңіздер де, ең бастысы – туған жерге адал қызмет ететін, елдің дамуына үлес қосатын азамат болу. Сондықтан ешқашан ізденуден, үйренуден және мақсат қоюдан жалықпаңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанның жарқын болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Алдағы сынақтарда сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан басшысы ұстаздар қауымына ерекше алғысын білдіріп, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектерінің маңыздылығын атап өтті.
– Шәкірт тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін абыройлы міндет. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген барша ұстаздарға облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының және аудан тұрғындарының атынан зор алғысымды білдіремін, – деді ол.
Биыл аудан бойынша 903 оқушы мектеп бітіруде. Олардың 91 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Сонымен қатар 61 түлек «Алтын белгі» белгісіне, ал 81 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Бұл көрсеткіш аудан мектептеріндегі білім сапасының тұрақты жоғары деңгейін көрсетеді.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ардагер ұстаз Райкүл Қаратаева, мектепішілік әкелер кеңесінің төрағасы Есет Назарқұлов сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Олар білім мен тәрбие жолында ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, жас буынға үлкен сенім артты.
Мерекелік бағдарлама барысында түлектер өз өнерлерін ортаға салып, әсем ән орындап, қоштасу вальсін биледі. Бұл сәт мектеппен қоштасудың әсерлі көрінісіне айналып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар салтанатты шара аясында үздік оқушылар мен «Алтын белгіге» үміткер түлектерге құрмет көрсетіліп, білім ордасының символдық кілті келесі буын өкілдеріне салтанатты түрде табысталды. Бұл дәстүр білім сабақтастығының, ұрпақтар жалғастығының айқын көрінісі ретінде бағаланды.







