Аудан әкімі жас түлектерге арналған жиынға қатысты

Оқу жылының аяқталуына орай Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауыл ардагерлері, ұстаздар қауымы, ата-аналар және мектеп түлектері қатысты.

Салтанатты шара барысында аудан басшысы мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздарды және ата-аналарды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, облыс әкімі Мұрат Нәлхожаұлының ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деп атап өткен болатын. Сондықтан білім мен ғылымға инвестиция салу – ел болашағына салынған инвестиция.
Бүгінде мемлекет тарапынан білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыр өңірінде де білім саласына айрықша қолдау көрсетілуде. Соңғы жылдары аймақта 45 жаңа заманауи білім беру нысаны пайдалануға беріліп, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасалды.
Аудан көлемінде де білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту мәселесі толық шешімін тапты. Соңғы жылдары екі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, жеті білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Қазақстан ұлттық қоры» есебінен сегіз мектеп заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықталды.
Бұл жетістіктердің барлығы – ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Білікті педагогтердің жүйелі жұмысының арқасында аудан оқушылары түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2025–2026 оқу жылында ауданымыздың 82 оқушысы облыстық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болса, 16 мұғалім кәсіби байқауларда үздік нәтиже көрсетті.
Осы ретте білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздар қауымына, білім беру саласының ардагерлеріне және әрдайым қолдау білдіріп отырған ата-аналарға аймақ басшысының шынайы ризашылығын жеткіземін.
Құрметті түлектер! Бүгін сіздер өмірлеріңіздегі маңызды белестердің бірінен өтіп отырсыздар. Алдарыңызда үлкен мүмкіндіктер мен жауапты таңдау кезеңі тұр. Қай мамандықты таңдасаңыздар да елге қызмет ететін, білімді де білікті азамат болуға ұмтылыңыздар. Туған жердің мерейін өсіріп, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақ болуларыңызға тілектеспін. Ақ жол, жарқын болашақ тілеймін, – деді аудан әкімі.


Салтанатты шара барысында шәкірттері жоғары жетістіктерге жеткен бірқатар ұстаз аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналар сөз сөйлеп, жас түлектерге ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде мектеп бітіруші түлектер ұстаздары мен ата-аналарына алғыс айтып, мектеп қабырғасында алған тәлім-тәрбиенің өмір жолдарында әрдайым бағдар болатынын жеткізді.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 8149 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 583 оқушы мектеппен қоштасты. Биылғы түлектердің 505-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Сонымен қатар 53 оқушы «Алтын белгіге», ал 70 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Мерекелік шара жас түлектердің қоштасу вальсімен және концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Бұл күн – мектеп бітіруші жастардың өміріндегі ұмытылмас сәттердің бірі ретінде есте қалмақ.







