Қармақшы ауданы ауылдарына газ тартыла бастады

92

Қызылорда облысында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл өңірдегі 10 ауылды табиғи газ желісіне қосу жоспарланып отыр. Әсіресе Қармақшы ауданындағы елді мекендерде көгілдір отын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көптен күткен игіліктің ауыл тұрғындары үшін маңызы зор.

Қармақшы ауданына қарасты Төребай би ауылы – жүзден астам түтіні бар шағын елді мекендердің бірі. Негізгі тіршілік көзі мал және егін шаруашылығы саналатын ауыл тұрғындары бұған дейін ауызсу мәселесін шешсе, енді табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болмақ. Қазіргі таңда ауылда газ желілерін тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдауда. Көпшілік үшін көгілдір отын – тек тұрмыстық жағдайды жеңілдету ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам.

Төребай би ауылының тұрғыны Гүлсара Мұратованың айтуынша, тұрғындар қыс мезгілінде көмір жағып, күл шығару сияқты ауыр жұмыстардан арылуды асыға күтуде.

– Газ келіп жатыр дегенді естігелі ауыл халқы қатты қуанып отыр. Қыста көмір жағып, күл шығарып әбігер болатынбыз. Енді сол қиындықтан құтылатын болдық. Бұл – ауыл үшін үлкен қуаныш, – дейді тұрғын.

Табиғи газдың ауылға келуі кәсіпкерлікті дамытуға да тың серпін береді. Жергілікті шаруашылық иелері енді жылыжай шаруашылығын қолға алып, көкөніс өнімдерін жыл он екі ай өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар кондитерлік цех, шағын өндіріс орындарын ашуға ниетті азаматтар да бар.

Шаруашылық жетекшісі Бүркіт Қалдашбаевтың айтуынша, газдың келуі ауыл экономикасына оң әсер етеді.

– Табиғи газ арқылы ауылда кәсіптің жаңа түрлерін дамытуға мүмкіндік туады. Жылыжай салып, бақша өнімдерін өсіруге, кондитерлік цех секілді кәсіптер ашуға жол ашылады. Бұл халықтың табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді, – деді ол.

Аудан орталығы Жосалы кентінен шалғай ауылдарға газ жеткізу бұрын күрделі мәселелердің бірі болған. Осы түйткілді шешу мақсатында өткен жылы мемлекеттен 7 миллиард теңге бөлініп, Сырдария өзенінің астымен ірі магистральдық құбыр тартылған. Нәтижесінде биыл екі ауыл көгілдір отынға қосылмақ.

Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің айтуынша, газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

– Жыл басында ІІІ Интернационал ауылдық округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы демеушілік негізде газ тарту жобасының сметалық құжаттарын әзірлеуде. Қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін, бұл ауылды да жыл соңына дейін табиғи газға қосу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.

Жалпы, Қызылорда облысында газдандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл өңір бойынша 14 жоба әзірленіп, жыл соңына дейін 10 ауылға табиғи газ жеткізу көзделген. Бұл бастамалар ауыл халқының өмір сапасын арттырып қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.

Advertisements