Теміржол саласын жаңғырту заман талабы

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында кентте салынып жатқан 100 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі нысандарының құрылыс алаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің бас директоры Асан Үмбетовпен және теміржол саласының жауапты мамандарымен кездесу өтті.
Кездесу барысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың құрылыс қарқыны талқыланып, мердігер мекеме – «Иман» ЖШС өкілдерімен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба биыл қазан айына дейін толық аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Асан Үмбетов өз сөзінде аталған нысандардың жас ұрпақтың білім мен өнерге деген қызығушылығын арттырып, ауыл балаларының жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды бастама екенін атап өтті. Ол құрылыс сапасына ерекше мән беріліп, жұмыстар толық аяқталғанға дейін тұрақты бақылау жүргізілетінін жеткізіп, мердігер ұйымға барлық талапты қатаң сақтауды тапсырды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы да әлеуметтік нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі жергілікті әкімдіктің тұрақты бақылауында болатынын айтып, құрылыс барысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу барысында кенттегі теміржол саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, бұрын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қаржыландырып, құрылысы толық аяқталмай қалған тұрғын үйлердің қазіргі жағдайы сөз болып, оларды аудан меншігіне өткізу және құжаттандыру жұмыстарындағы түйткілдерді шешу бойынша компания тарапынан қолдау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, «Қамқор Локомотив» жөндеу депосындағы оңтайландыру шараларынан кейін туындаған жұмыс орындарының қысқаруы мәселесі де назарға алынып, қысқартуға ұшыраған азаматтарды жұмыспен қамту бағытында нақты тетіктер қарастыру ұсынылды.
Өз кезегінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры А. Үмбетов көтерілген мәселелердің орынды екенін атап өтіп, оларды шешу бағытында кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
Мұнан соң тараптар Сексеуіл кентінде жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалының құрылысымен танысты. Жолаушылар сыйымдылығы 60 адамға арналған жаңа вокзал қазіргі таңда қарқынды салынуда. Ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан жаңа вокзал кенттің сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, жолаушыларға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Кездесу барысында аудан әкімі Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелдерінің тозығы жеткенін айтып, оларды күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін көтерді. Сондай-ақ Сексеуіл–Қарақұм–Жезқазған бағытындағы теміржол желісі бойындағы Абай станциясына жолаушылардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ететін перрон салу мәселесін ұсынды.
Өз кезегінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Асан Үмбетов аудан тарапынан көтерілген бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, халық игілігіне бағытталған жобаларға қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді.







