Аудан әкімі жас түлектермен кездесті

3

Бүгінгі жас буын – ел ертеңінің сенімді тірегі. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, болашаққа нық қадам басуына қолдау көрсету – аудан басшылығының тұрақты назарындағы басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта бүгін аудан әкімдігі ғимаратында аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі мектептерден келген «Алтын белгіге» үміткер түлектермен еркін форматта кездесу өткізді.

Тағылымды басқосуда 20-ға жуық оқушы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызмет жүйесі, жоғары білім алу мүмкіндіктері, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы пікір алмасты. Сонымен қатар түлектер аудан тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдау мен жасалып отырған жағдайлар үшін ризашылықтарын білдірді.

Кездесу барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың болашағына сенім білдірді:

«Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағысыздар. Қай жерде жүрсеңіздер де туған жердің дамуына үлес қосатын, білімді де білікті азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Ең бастысы – үлкен мақсаттардан қорықпай, үнемі ізденіп, өздеріңізді дамытуға ұмтылыңыздар. Мемлекет тарапынан жастарға барлық қажетті мүмкіндік жасалып жатыр, соны тиімді пайдалану – өз қолдарыңызда», – деді.

Шара аясында түлектер аудан әкімінің жұмыс кабинетін аралап, ауданның басқару құрылымы, қабылданатын шешімдер мен өңірдің даму бағыттары туралы ақпарат алды. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарлары және аудан әкімі аппаратының басшыларымен кездесіп, мемлекеттік қызмет саласындағы жауапкершілік, тәртіп және кәсіби талаптар жөнінде кеңінен мағлұмат алды.

Жастардың азаматтық ұстанымын нығайту және елге деген жауапкершілік сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуде оқушылар мәжіліс залында да болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты талқыланатын мәселелермен танысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу соңында түлектер мұндай ашық форматтағы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, өз болашақ мақсаттарына тың серпін алғандарын жеткізді.

Advertisements