Қармақшыда Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен татулығын, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты дәріптейтін ерекше мереке. Бірлік пен ынтымақтың қадірін ұғындыратын айтулы күнге орай бүгін Қармақшы ауданында «Татулығы жарасқан – берекелі Қазақстан» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Ауданның орталық алаңында өткен салтанатты шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мекеме қызметкерлері мен қонақтар қатысты. Мерекелік іс-шара халықтың бірлігі мен достығын насихаттап, көпұлтты қоғамның құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Мереке аясында орталық алаңда арнайы көрмелер ұйымдастырылып, қонақтарға ұлттық мәдениет пен рухани мұраны таныстыруға мүмкіндік жасалды. Атап айтқанда, суретшілер аллеясында жергілікті қылқалам шеберлерінің туындылары қойылып, көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен бірге қазақ халқының және аудан аумағында тұратын өзге этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары, қолөнер бұйымдары, тарихи жәдігерлер мен мәдени мұралары көпшілікке таныстырылды.
Шара барысында келушілер ерекше қызығушылық танытқан орындардың бірі – Цай Ден Хак мұражайының құнды экспонаттары қойылған көрме болды. Көрмеде өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты сирек жәдігерлер ұсынылып, қатысушыларға тарихи құндылықтар жөнінде кеңінен мәлімет берілді.
Сонымен қатар мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында балаларға арналған арнайы ойын алаңдары ұйымдастырылып, түрлі қызықты бағдарламалар өткізілді. Бұл өз кезегінде мерекенің мазмұнын байытып, отбасылық демалыс үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Жандос Еркінбек құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан халқының бірлігі күнінің маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Бірлігі бекем, татулығы жарасқан ел болу – біздің ең басты құндылығымыз. Қазақстан халқының бірлігі күні – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімінің айқын көрінісі. Бұл мереке Қазақстанды мекендейтін барлық этнос өкілдерінің достығы мен өзара құрметінің символына айналды. Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген дана сөз бар. Расында да, әр шаңырақта тыныштық болса – ел тыныш болады. Болашағымызды бірлесе құрып, ынтымағымызды сақтай білсек, еліміздің іргесі әрқашан берік, келешегі кемел болмақ. Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Туған жеріміздің ырысы артып, мерейі үстем болсын, – деді аудан басшысы.
Мерекелік бағдарлама концерттік кешпен жалғасты. Аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақтың халық әндері мен күйлері орындалып, ұлттық мәдениеттің бай мұрасы насихатталды. Сонымен бірге түрлі этностардың би ансамбльдері өнер көрсетіп, Қазақстандағы мәдени әралуандық пен достықтың жарқын көрінісін паш етті.
Ән мен күй, ұлттық би мен шығармашылық қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің мазмұнын тереңдете түсті. Бұл өз кезегінде көпұлтты Қазақстан халқының ортақ құндылықтары мен бірлігінің жарқын үлгісін көрсетті.
Айта кету керек, Қазақстан халқының бірлігі күні елімізде 1996 жылдан бері кең көлемде аталып келеді. Осы уақыт аралығында мереке қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың маңызды символына айналып, еліміздің басты құндылықтарының бірі ретінде орнықты.
Бүгінде Қармақшы ауданы – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан берекелі өңірлердің бірі. Ауданда 10-нан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл – Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім саясатының нақты нәтижесі.
Бірлік пен татулықты ту еткен Қармақшы жұртшылығы үшін бұл мереке тек мерекелік шара ғана емес, елдің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты негізі саналатын достық пен өзара құрметтің салтанаты болып қала береді.







