Аралда Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті

15

Бүгін Арал қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын нығайтып, қоғамдық келісім мен татулықты дәріптейтін айтулы мереке қала тұрғындары мен қонақтарын орталық алаңға жинады. Береке мен бірліктің символына айналған мерекеде ел ішіндегі достық пен өзара құрметтің жарқын көрінісі байқалып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен бас қосты.

Мерекелік шара өткен орталық алаң мерекеге сай безендіріліп, ұлттық нақыштағы көріністермен көмкерілді. Алаңға жиналған тұрғындар ән мен күйден шашу шашылған думанды кештің куәсі болып, түрлі мәдени бағдарламаларды тамашалады. Бұл күні қазақ халқының кеңпейілдігі мен қонақжайлығы айрықша көрініс тауып, түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан елдің басты құндылығы – татулық пен келісімнің маңызын тағы бір мәрте айшықтады.

Қазақстан халқының бірлігі күні бүгінде ел тұрғындары асыға күтетін жалпыхалықтық мерекелердің біріне айналды. Өйткені бұл күн – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өзара түсіністік пен ынтымақтың мерекесі. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен табыстарының негізінде дәл осы қоғамдық келісім мен ұлттар арасындағы достық жатқанын халық жақсы түсінеді.

Салтанатты шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжанов сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Өз сөзінде ол Қазақстанның басты байлығы – ел бірлігі мен халықтар арасындағы татулық екенін атап өтті.

– Қадірлі жерлестер, ардақты ағайын! Баршаңызды татулық пен тұтастықтың мерекесі – 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан аманат болып жеткен береке-бірлігіміз. Халқымыз қашанда достықты дәріптеп, өзара түсіністік пен сыйластықты жоғары қойған. Бірлік пен келісім – мемлекетіміздің тұрақты дамуының, елдігіміздің нығаюының басты кепілі. «Бірлік түбі – береке» деген халқымыздың дана сөзі бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Бірлігі жарасқан еліміз түрлі кезеңдердегі сын-қатерлерді еңсеріп, жарқын болашаққа нық қадам басып келеді. Біздің өңірімізде де түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, ортақ құндылықтарды дәріптеп, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл – ынтымақ пен татулықтың нақты көрінісі. Еліміздің еңсесі биік, мемлекеттігіміз мәңгі, болашағымыз баянды болсын! – деді Шерхан Жұмаханұлы.

Мерекелік жиын одан әрі аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде халық әндері шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды. Сонымен қатар шығармашылық ұжымдар мен мәдениет саласының қызметкерлері әзірлеген театрландырылған қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Концерттік бағдарлама барысында Қазақстанда тұратын түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін өнер көрсетілімдері қойылып, достық пен ынтымақ тақырыбы кеңінен насихатталды. Әсіресе ұлттар достығын, бейбітшілік пен келісімді бейнелейтін көркем композициялар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында тұрғындар мерекелік көңіл-күймен тарқап, ел ішіндегі татулық пен өзара сыйластықтың маңызын тағы бір мәрте сезінді. Қазақстан халқының бірлігі күні – көпұлтты мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі саналатын қоғамдық келісім мен бірлікті ұлықтайтын ерекше мереке ретінде аудан жұртшылығы үшін де айрықша мәнге ие болды.

Бірлігі бекем елдің болашағы да жарқын. Сондықтан ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметті сақтау, қоғамдағы келісімді нығайту әрбір азаматтың ортақ міндеті болып қала береді.

Advertisements