Әйтеке би кентінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

32

Бүгін аудан орталығы – Әйтеке би кентінің орталық алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған кең көлемді мерекелік шара ұйымдастырылды. Ел бірлігін ұлықтаған бұл айтулы күні алаңға жиналған жұртшылық ерекше көңіл күймен мерекені атап өтті.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, аудан тұрғындарына жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде татулық пен тұрақтылықтың мемлекет дамуының негізгі тірегі екенін атап өтіп, Қазақстан халқының бірлігі – ел болашағының берік кепілі екеніне тоқталды.

Аудан басшысы өз құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бірлік туралы ойларын мысалға келтіріп, ел ішіндегі ынтымақ пен келісімнің маңызын атап өтті. Сонымен қатар аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Қазалы ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқын алып келе жатқанын жеткізді.

Аудан аумағында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, әлеуметтік, шаруашылық және өндірістік салаларда бірге еңбек етіп отырғаны ерекше айтылды. Олардың аудан дамуына қосып отырған үлесі мен мәдени әртүрлілікті сақтаудағы рөліне тоқталып, Қазалы жерінің көпұлтты ынтымақ пен достықтың үлгісіне айналғаны атап өтілді.

Іс-шара барысында бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға жоғары марапаттар табысталды. Оларға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановтың, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Алғыс хаттары берілді.

Сонымен қатар Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы мұнай өңдеу саласында Департамент директоры Ахантай Бауыржан Ахантайұлы мен құрылыс және энергетика саласының ардагері Сералы Құлсейітов ауданның дамуына қосқан еңбегі үшін ауданның ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Мерекелік бағдарлама аясында алаңда «Этно ауыл» көрмесі ұйымдастырылып, онда түрлі этностардың ұлттық тағамдары, салт-дәстүрлері мен өнері көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер әр ұлттың мәдени ерекшеліктерімен танысып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Шара соңында бейбітшілік пен бірліктің символына айналған ақ көгершіндер көкке ұшырылып, жиналған жұртшылық ел амандығы мен тыныштығы үшін ақ тілектерін білдірді. Мерекелік кеш жоғары деңгейде өтіп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Advertisements