Қармақшыда Әсет Сүлейменовті еске алуға арналған республикалық дзюдо турнирі басталды

32

Бүгін Қармақшы ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде дзюдо күресінен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосқан айтулы спорттық дода басталды. Қазақстан Республикасының спорт шебері, дзюдо спортының дамуына елеулі үлес қосқан Әсет Жәнібекұлы Сүлейменовті еске алуға арналған 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыстың басты мақсаты – жас спортшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дзюдо спортын дамыту, болашақ чемпиондарды анықтау және өмірден ерте озған белгілі спортшы Әсет Сүлейменовтің жарқын бейнесі мен өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан басшылығы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылардың ата-аналары және өңірлерден келген қонақтар қатысты. Жарыстың ашылуында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, турнирдің жастар тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталды.

– Мұндай тағылымды жарыстардың мәні тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Осындай шаралар арқылы жас буынның бойында спортқа деген сүйіспеншілікпен қатар, елге еңбек сіңірген азаматтарды құрметтеу, тарихты бағалау, үлкенге ізет көрсету сияқты маңызды құндылықтар қалыптасады. Биылғы жарысқа еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық жас спортшы қатысып отыр. Бұл турнирдің беделі жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін және жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Шара барысында облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Бағдат Каленов сөз сөйлеп, турнирдің жастар арасындағы спорттық бәсекелестікті дамытудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ Әсет Сүлейменовтің інісі Бауыржан Сүлейменов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс барысында Әсет Сүлейменовтің өмір жолы мен спорттағы жетістіктері туралы кеңінен айтылды. Ол дзюдо күресінен жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атағын иеленген. Табандылығы мен қайсар мінезінің арқасында көптеген жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, өңір спортының дамуына өзіндік үлесін қосты.

Әсет Жәнібекұлы тек білікті спортшы ғана емес, жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың спорттағы алғашқы қадамдарын жасауына қолдау көрсеткен азамат ретінде де ел есінде қалды. Оның еңбекқорлығы, қарапайымдылығы мен спортқа деген адалдығы бүгінде жас спортшылар үшін үлкен өнеге болып саналады.

Турнирге еліміздің түрлі өңірлерінен келген 300-ге жуық жас дзюдошы қатысуда. Бірнеше салмақ дәрежесі бойынша өтетін жарыстарда спортшылар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жеңіс үшін бақ сынайды. Бұл жарыс жас спортшыларға тәжірибе жинақтап қана қоймай, республикалық деңгейдегі бәсекелерге дайындалуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық турнир жыл сайын спорт сүйер қауымның қызығушылығын арттырып келеді. Дәстүрлі жарыс 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында жалғасып, үздік спортшылар арнайы марапаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Әсет Сүлейменовті еске алуға арналған бұл турнир – спорттағы сабақтастықты жалғастырып, жас буынды елжандылыққа, табандылыққа және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейтін маңызды спорттық әрі рухани шаралардың бірі болып табылады.

Advertisements