Қармақшыда Чернобыль апатының құрбандары мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Биыл адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі – Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа 40 жыл толып отыр. Осыған орай Қармақшы ауданындағы «Жастар саябағында» апат құрбандарын еске алуға және оның зардаптарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігін ұлықтауға арналған тағылымды шара ұйымдастырылды.
Еске алу жиынына аудан тұрғындары, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар және Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар қатысты. Шараның басты мақсаты – адамзат тарихында ауыр із қалдырған қасіретті оқиғаны ұмытпай, сол зұлматтың салдарын жою жолында жанқиярлық танытқан азаматтардың ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау.
1986 жылдың 26 сәуірінде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр станциясында орын алған жарылыс бүкіл әлемді алаңдатқан алапат апатқа айналды. Бұл оқиға адамзат тарихындағы ең ірі радиациялық апаттардың бірі ретінде бағаланады. Апаттың салдары миллиондаған адамның өміріне әсер етіп, көптеген аумақтың экологиялық жағдайына орасан зиян келтірді.
Зұлматтың зардаптарын жою жұмыстарына Кеңес Одағы бойынша шамамен 600 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында 32 мыңнан астам қазақстандық азамат болды. Олар өз өмірлері мен денсаулықтарын қатерге тіге отырып, радиацияның таралуын шектеу және апаттың салдарын азайту жолында аянбай еңбек етті.
Қармақшы ауданынан да бұл жауапты міндетке 40 азамат қатысып, ел алдындағы борыштарын абыроймен атқарды. Олардың көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы бүгінгі ұрпақ үшін отансүйгіштіктің, батылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып қала береді.
Еске алу шарасы барысында қатысушылар Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, апат салдарын жою кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ олардың рухына құран бағышталып, дұға оқылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, Чернобыль ардагерлерінің ерлігіне ерекше тоқталды.
– Чернобыль қаһармандары – ел намысын қорғап қана қоймай, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігі үшін күрескен шынайы батырлар. Апаттың салдарын жоюға қатысқан мыңдаған азаматтардың ішінде 32 мыңнан астам қазақстандықтың орны ерекше. Оның ішінде Қармақшы өңірінен аттанған 40 жерлесіміздің ерлігі әрдайым құрметке лайық. Олардың жанқиярлығы мен табандылығы – ұлт рухының асқақ үлгісі, – деді ол.
Сонымен қатар шара барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов пен Чернобыль ардагерлер кеңесінің төрағасы Мейрамбек Қосназаров сөз сөйлеп, апаттың тарихи маңызы мен оның салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігін атап өтті. Олар бейбіт өмірдің қадірін бағалап, мұндай қасіретті оқиғалардың қайталанбауы үшін жас ұрпаққа тағылым беру қажеттігін айтты.
Іс-шара аясында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлерге және осы зұлмат кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтардың отбасы мүшелеріне құрмет көрсетілді. Оларға арнайы марапаттар мен мерейтойлық медальдар табысталып, қоғам алдындағы еңбектері үшін алғыс білдірілді.
Тағылымды жиын өткенге тағзым етіп, ерлік пен елдік рухты дәріптеген маңызды шараға айналды. Чернобыль апатының сабақтары адамзат үшін мәңгілік ескерту болып қала бермек. Ал оның зардаптарын жою жолында ерлік көрсеткен азаматтардың есімі халық жадында әрдайым сақталады.







