Вегетациялық кезеңге дайындық және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

25

Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен вегетациялық кезеңге дайындық барысы және су жеткізу қызметінің тарифтік саясатына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арналған кеңейтілген мәжіліс өтті.

Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов, «Арал–Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Сейтқасым Әбуов, сондай-ақ кент, қала және ауылдық округтердің жауапты мамандары, шаруа қожалықтарының төрағалары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысты.

Мәжілісте Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған жағдай жан-жақты қаралды. Аудан әкімі соңғы жылдары вегетациялық кезеңнің күрделі гидрологиялық жағдайда өтіп келе жатқанын атап өтіп, бұл бағытта Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен бірқатар жүйелі шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар су тапшылығының ауыл шаруашылығы саласына, әсіресе суармалы егіншілікке тікелей әсер етіп отырғаны айтылып, биылғы вегетациялық маусымның да күрделі жағдайда өту қаупі бар екені ескертілді. Осыған байланысты су ресурстарын ұтымды басқару мен әрбір текше метр суды тиімді пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Жиында аудан бойынша өткен жылғы және ағымдағы жылғы егіс құрылымы талданып, негізгі дақыл – күріштің көлемі, өнімділігі және алдағы жоспарлар қаралды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, лазерлік тегістеу жұмыстарын кеңейту және егіс алқаптарын оңтайландыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Ауданға арнайы іссапармен келген салалық мекеме өкілдері вегетациялық кезеңге дайындық барысы, су жеткізу жүйелерінің қазіргі жағдайы және тарифтік саясатқа қатысты толық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шаруалардың сұрақтарына жауап берді. Тараптар су беру тәртібі мен есеп айырысу тетіктерін жетілдіру бағытында пікір алмасты.

Мәжіліс барысында аудан әкімі бірқатар шаруашылықтардың су жеткізу қызметі үшін берешегі бар екенін атап өтіп, төлем тәртібін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Су ресурстарын тиімді басқару мен міндеттемелерді уақытылы орындау – алдағы егіс науқанының тұрақты өтуінің негізгі факторы екені айтылды.

Сонымен бірге алдағы көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сәйкес сапалы ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларын толық дайындыққа келтіру және су үнемдеу шараларын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жауапты сала басшыларына егіс науқанының әр кезеңін қатаң бақылауда ұстау міндеттелді.

Аудан басшысы су тапшылығы жағдайын ескере отырып, суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру, егіс құрылымын кезең-кезеңімен оңтайландыру және күріш көлемін ғылыми негізде қысқарту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша жалпы 17 257 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде 5 400 гектары – күріш, 340 гектары – жаздық бидай, 60 гектары – арпа, 500 гектары – дәндік жүгері, 316 гектары – майлы дақылдар (мақсары), 8 348 гектары – мал азығы дақылдары, ал 2 293 гектары – картоп, көкөніс және бақша дақылдарына бөлінген.

Жиын қорытындысында аудан әкімі вегетациялық кезеңді сәтті өткізу үшін барлық жауапты мекемелер мен шаруашылықтар бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін атап өтіп, су ресурстарын ұқыпты пайдалану мен егіс науқанының уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Advertisements