«Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазалы ауданында жаппай сенбілік өтті

31

Бүгін еліміз бойынша Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, кең көлемді тал егу және аумақтарды абаттандыру шаралары өткізілді.

Аталған экологиялық бастама ел аумағында табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Осыған орай елордадағы «Самал» саябағында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экобелсенділермен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысып, игі бастамаға үлгі көрсетті.

Осы бір республикалық акциядан қазалылықтар да шет қалмай, туған өлкенің тазалығын сақтауға және көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысты. Аудан орталығында ұйымдастырылған сенбілік барысында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, Әйтеке би кентінің кіреберіс қақпасынан басталатын жасыл белдеуге ағаш көшеттері отырғызылып, елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы аралығындағы автожол бойы, 5 квартал аумағындағы Қарамайкөл маңы және кент ішіндегі көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды.

Бұдан бөлек, кент ішіндегі аяқ су арықтарына су жіберу жұмыстары да қарқынды түрде ұйымдастырылып, жасыл желектерді суару және көгалдандыру жүйесін жақсартуға мүмкіндік жасалды. Бұл жұмыстар елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл аймақтардың көбеюіне ықпал етуде.

Сенбілік барысымен аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы танысып, мекеме ұжымдары мен тұрғындармен бірге тазалық акциясына қатысып, өз үлесін қосты. Аудан басшысы кент аумағындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, кент әкімі мен жауапты орынбасарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы аудан бойынша ұйымдастырылған бүгінгі сенбілікке 132 мекеме қатысып, 1 426 адам жұмылдырылды. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына 18 арнайы техника тартылды. Акция барысында 2500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар полигондарға шығарылып, жалпы көлемі 14,5 тонна қоқыс жойылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы бұл жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға ғана емес, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және жасыл аймақтарды көбейтуге зор үлес қосуда.

Алдағы уақытта да мұндай экологиялық шаралар тұрақты түрде жалғасып, аудан аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Advertisements