Қармақшыда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді

43

Қармақшы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика қалыптасып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы өңір экономикасының барлық негізгі салаларында өсім бар екенін көрсетті. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Жандос Еркінбек мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, аудан экономикасында қалыптасқан оң үрдіс жүйелі жоспарлау мен нақты жұмыстардың нәтижесі болып табылады.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі, – деді аудан әкімі.

Брифинг барысында ауданның қаржылық әлеуетінің де нығайып келе жатқаны атап өтілді. 2026 жылға аудан бюджеті бастапқыда 9,0 млрд теңге көлемінде бекітілсе, шілде айындағы нақтылау барысында бюджет көлемі 5,9 млрд теңгеге ұлғайтылып, жалпы көлемі 15,0 млрд теңгені құрады. Бұл ауданның даму жобаларын қаржыландыруға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруға қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің түсімдері 4,9 млрд теңгені құрап, жоспар 102,5 пайызға орындалған. Бұл жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалып қана қоймай, бюджетке қосымша түсімдердің қамтамасыз етілгенін көрсетеді.

Жергілікті бюджеттің меншікті кірістері бойынша да оң нәтижелер тіркелген. Алғашқы алты айда аудандық бюджеттің меншікті кірістері 1,6 млрд теңгені құрап, бекітілген жоспар 108,4 пайызға орындалды. Нәтижесінде жергілікті бюджетке жоспарланған межеден 121,5 млн теңге артық қаражат түсті.

Аудан басшысы бұл көрсеткіштердің өңірдегі экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын және қаржы тәртібінің тиімді ұйымдастырылғанын айғақтайтынын жеткізді. Сонымен қатар бюджет кірістерінің артуы алдағы уақытта әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларды жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Брифинг барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша барлық жоспарлы көрсеткіштердің 100 пайыздан жоғары деңгейде орындалғаны айтылды. Бұл нәтижелер мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылып жатқанын және өңірдің тұрақты даму бағытын сақтап отырғанын көрсетеді.

Жандос Еркінбек алдағы кезеңде де аудан экономикасын әртараптандыру, инвестициялық жобаларды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Баспасөз брифингі барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берген аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Оның айтуынша, барлық бастамалардың түпкі мақсаты – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту.

Advertisements