Ауыл шаруашылығы – Қармақшы экономикасының негізгі тірегі

54

Қармақшы ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, аграрлық сектордың тұрақты өсімі қамтамасыз етілуде. Егін және мал шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл тұрғындарын қолдау бағытындағы кешенді шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы аудан әкімі Жандос Еркінбек Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында аудан басшысы ауыл шаруашылығының Қармақшы ауданы экономикасындағы жетекші салалардың бірі екенін атап өтіп, саладағы негізгі көрсеткіштер мен қолға алынған жобалар туралы жан-жақты баяндады.

– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының басты қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады, – деді аудан әкімі.

Биыл ауданда жалпы көлемі 24 788 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 11 449 гектар алқапқа күріш егілсе, ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында алғаш рет 733 гектар жерге дәндік жүгері орналастырылды. Бұл қадам су үнемдеу саясатын жүзеге асырумен қатар, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту және қосалқы шаруашылықтарды дамыту мақсатында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен тұрғындарын бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 960 отбасыға 420 гектар жер бөлініп, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға қолдау көрсетілді. Бұл тұрғындардың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуіне әрі ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етуде.

Брифинг барысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталған аудан әкімі биыл Қармақшы ауданына 522,3 млн текше метр су лимиті бекітілгенін айтты. Бүгінгі күнге дейін егістік алқаптарына 311,2 млн текше метр су жеткізіліп, жоспардың 59,5 пайызы орындалған. Алдағы кезеңде тағы 211,1 млн текше метр су алу жоспарланып отыр.

Су тапшылығы жағдайында ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу – негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта жалпы ұзындығы 88,5 шақырымды құрайтын 12 каналды бетондау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Аталған жобалардың жалпы құны 26,7 млн теңгені құрайды.

Сонымен бірге су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Т.Көмекбаев ауылдық округінің «Қарақ» учаскесіндегі 5 көзді гидротехникалық құрылысқа 19,5 млн теңге көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде су тоспасы қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Ал Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Жапалақ» каналының 4,5 шақырым бөлігінде 7,0 млн теңге көлемінде механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар су өткізу қабілетін арттырып, егістік алқаптарын қажетті көлемде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Баспасөз брифингінде мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер де айтылды. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша ауданда барлық түлік мал басының өсімі қамтамасыз етілген. Бұл ауыл шаруашылығының екі негізгі бағыты – егін және мал шаруашылығының қатар дамып келе жатқанын көрсетеді.

Жандос Еркінбек егін орағының қорытындысына қарай су тұтынуы төмен ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыру және агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Брифинг соңында аудан әкімі аграрлық секторды қолдау, заманауи технологияларды енгізу және су ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру – алдағы кезеңнің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Advertisements