Аудан әкімі айналма жол құрылысының сапасын бақылады

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасының жүзеге асу барысын аралап көріп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу қарқынын бақылауға алды.
Қазіргі таңда жоба аясында жерді тегістеу, тас төсеу, сондай-ақ су өткізу арналарына темірбетон плиталарын орнату жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде жол негізіне қара шебін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері асфальт жабындысын төсеу кезеңі басталмақ.
Айналма жолдың жалпы ұзындығы 3,192 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Қазалы Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жоба шілде айына дейін толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Аудан әкімі нысанды аралау барысында мердігер мекеме басшысына құрылыс сапасына ерекше мән беруді, техникалық талаптардың қатаң сақталуын және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобаның кент орталығындағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, Жанқожа батыр көшесіне түсетін жүктемені азайтатынын және тұрғындардың қауіпсіздігіне оң әсер ететінін атап өтті.
Жалпы аудан орталығында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту және дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта В. Счастнов орамы, Жанқожа батыр көшесінің 3 шақырымдық бөлігі, Төремұрат жырау орамы, Ы. Жақаев және Ш. Қалдаяқов көшелерін қоса алғанда 13 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Р. Сабырбаев, С. Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж. Аймауытов, М. Шоқай және С. Сүлейменов көшелеріндегі тозығы жеткен асфальт жабындарын жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бұдан бөлек, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобалары да жүзеге асуда. Қазіргі таңда Т. Бөріқұлақов көшесінде ұзындығы 2,5 шақырымды, ал Жетес би көшесінде 1,6 шақырымды құрайтын жаңа жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарды «Ақнұр Авто» және «Айым Алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқаруда. Алдағы кезеңде бұл аумақтарда асфальт төсеу және абаттандыру жұмыстары жалғасып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасалмақ.







