Аудан әкімі Тереңөзек кентінің тұрғындарымен кездесті

33

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев Тереңөзек кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, дербес бөлім және сала басшылары қатысты.

Жиын барысында Тереңөзек кентінің әкімі елді мекенде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, кент тұрғындарының сұранысына сәйкес бірқатар көшелерге түнгі жарық шамдары орнатылып, көше жарығы тіректерін жаңарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар кент аумағындағы су арналарына тазарту және қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, санитарлық жағдайды жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынған.

Кездесу барысында аудан әкімі аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға кеңінен тоқталды. Аудан басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде ауданда жол жөндеу, газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысы және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да маңызды жобалар қолға алынып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де басты назарда. Осы мақсатта аудан орталығы мен елді мекендерге бейнебақылау камералары орнатылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Алдағы уақытта да тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне бағытталған бастамалар жалғасын табады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстар, абаттандыру және санитарлық тазалық мәселелері де кеңінен сөз болды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарлар таныстырылып, олардың аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы маңызы түсіндірілді.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер, жол сапасы, абаттандыру және әлеуметтік салаға қатысты сауалдар қойылды. Аудан басшысы әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын айтып, көтерілген түйткілдердің заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Кездесу соңында аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.

Мұндай кездесулер тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, халықтың талап-тілегін ескеруге және өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

Advertisements