Аудан әкімі әлеуметтік-экономикалық даму және өзекті мәселелер бойынша мәжіліс өткізді

32

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты бірқатар маңызды мәселелер бойынша мәжіліс өткізді. Аталған жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысып, кейін жауапты сала басшыларымен аудан деңгейінде кеңейтілген жиналыс өткізді.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілермен жұмысты жетілдіру, көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалуы, санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысы қаралды.

Аудан әкімі жиынды бастамас бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған Дармағамбет Ғани Хайруллаұлын жаңа қызметке ауысуына байланысты ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ауданның ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Мәжілісте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау, оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп бітіру іс-шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі тұрғындар көтерген мәселелерге жедел жауап беру, ресми парақшалардағы ақпараттық жұмысты жандандыру, оң бағыттағы контентті көбейту, мемлекеттік бағдарламалар мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау қажеттігі айтылды. Әлеуметтік желілердегі сыни жарияланымдарға 30 минут ішінде жауап беру алгоритмін қатаң сақтау тапсырылды.

Дербес бөлім басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру, республикалық және облыстық БАҚ-пен жұмысты күшейту, көрнекі ақпарат құралдарын жаңарту және баспасөзге жазылу жұмыстарын уақытылы аяқтау жөнінде ескерту берілді.

Жиында көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанының төмен деңгейде орындалуы сынға алынып, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалық, бей-берекет қоқыс орындарын жою, түнгі жарықтандыру жүйесін ретке келтіру және елді мекендердегі абаттандыру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі берілген әрбір тапсырманың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды салалық орынбасарларына жүктеді.

Advertisements