Маңызды мәселелер назарға алынды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтіп, Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Жиында Мемлекет басшысының авиация саласын дамытуға және еліміз аумағында халықаралық әуе хабтарын қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты аудан деңгейінде шағын авиацияны дамыту, әуе инфрақұрылымын жетілдіру және жаңа бағыттарды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Мәжіліс барысында аудан аумағында аэродромдар салу және шағын авиацияны дамытуға қатысты жобаларды зерделеу қажеттігі айтылып, жауапты сала басшыларына нақты ұсыныстар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың перспективалық маңызы ерекше екені атап өтілді.
Сонымен қатар жиында күн тәртібінен тыс бірқатар өзекті әлеуметтік және ұйымдастырушылық мәселелер де қаралды. Алдымен биылғы оқу жылының аяқталуына байланысты білім беру саласындағы қорытындылар және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысы талқыланды.
Аудан әкімі мектеп бітіруге арналған салтанатты іс-шараларды жоғары деңгейде, бірақ қарапайым әрі мазмұнды форматта өткізу қажеттігін қатаң ескертті. Ысырапшылдыққа жол бермеу, шамадан тыс салтанат пен артық шығындарды болдырмау бойынша нақты талаптар қойылды. Сондай-ақ мектеп бітіру кештерінде заңсыз қаражат жинау, мұғалімдерге сыйлық беру сияқты келеңсіз әрекеттердің алдын алу мақсатында бақылауды күшейту тапсырылды.
Балалардың жазғы демалысын тиімді және қауіпсіз ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жазғы және күндізгі тынығу лагерлерінің санитарлық жағдайы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуі бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Жиында сондай-ақ алдағы Құрбан айт мерекесін ұйымдастыру мәселесі қаралды. Аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, мерекелік іс-шаралардың белгіленген талаптарға сәйкес өтетінін жеткізді.
Аудан әкімі Құрбан айт кезінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы, мал сою орындарының тәртібі мен тазалығы, сондай-ақ ет тарату процесінің ашық әрі жүйелі ұйымдастырылуы тиіс екенін атап өтті. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық нормаларды бұзуға жол бермеу бойынша қатаң бақылау орнату қажеттігі ескертілді.
Жиын соңында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тазалық мәселесімен қатар бірқатар саладағы анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Барлық жауапты бөлім және мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Осылайша кеңейтілген әкімдік мәжілісінде көтерілген мәселелер бойынша алдағы кезеңге арналған нақты бағыттар айқындалды.







