Аудан әкімі Жосалы кентіндегі құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, онда жүргізіліп жатқан құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында аудан басшысы нысандардағы жұмыстардың сапасына, орындалу мерзімдеріне және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Алдымен аудан әкімі мемлекеттік мүліктің теңгеріміндегі ғимаратта жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Бүгінде аталған нысанда жоспарға сәйкес кешенді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, ішкі қабырғаларды сылау, еден жабындарын ретке келтіру, есік пен терезелерді толық ауыстыру, кәріз жүйесі мен жылу құбырларын жаңарту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар ғимараттың шатыры жаңартылып, инженерлік инфрақұрылымы заман талабына сай қайта жабдықталуда.
Жоба аясында мердігер мекеме әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде өз қаражаты есебінен ғимараттың сыртқы қасбетін де толық жаңғыртуды қолға алған. Бұл өз кезегінде нысанның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, кенттің жалпы көркін арттыруға оң әсерін тигізбек. Мамандардың мәліметінше, жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп, нысанды ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мұнан соң аудан басшысы Ораз ахун көшесі бойында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен танысты. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаның ұзындығы 1700 метрді, ал ені 1,5 метрді құрайды.
Жобаға қажетті қаржы толық қарастырылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың, әсіресе мектеп оқушылары мен қарт адамдардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалады деп күтілуде. Мердігер мекеме өкілдері құрылыс жұмыстарының маусым айында толық аяқталатынын жеткізді.
Аудан әкімі құрылыс алаңында жауапты мамандармен пікір алмасып, қолданылатын материалдардың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Сонымен қатар нысанның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтті.
Аралау барысында Жандос Еркінбек кент кіреберісінде орналасқан Дендропарк аумағына да барды. Соңғы жылдары аудан тұрғындарының демалыс орнына айналып келе жатқан бұл аумақта тазалық сақтау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Аудан басшысы парк аумағындағы санитарлық тазалық жағдайын көріп, жауапты мекемелерге тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар ағаштар мен жасыл желектерді күтіп-баптау, аумақты көркейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың сапалы орындалуы қажеттігін атап өтті.
Жандос Еркінбек ауданның көркі мен тұрғындардың өмір сүру сапасы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесіне тікелей байланысты екенін айтып, әрбір жобаның сапалы әрі жауапкершілікпен жүзеге асырылуы маңызды екенін жеткізді.
Нысандарды аралау қорытындысында аудан әкімі жауапты бөлім басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Әрбір нысан тұрғындардың игілігі үшін салынып жатыр. Сондықтан барлық жұмыстар белгіленген мерзімде, құрылыс талаптарына толық сәйкес әрі сапалы аяқталуы тиіс. Жобаларды жүзеге асыру барысында ешқандай кемшілікке жол берілмеуі қажет. Барлық жауапты тұлғалар өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарауы керек, – деді аудан басшысы.
Жалпы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан құрылыс және абаттандыру жобалары елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және ауданның сәулеттік келбетін жаңғыртуға бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да аудан басшылығының тұрақты бақылауында болады.







