Аудандағы әлеуметтік және қоғамдық салалардағы жұмыстардың барысы талқыланды

39

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте ауданның әлеуметтік, қоғамдық және білім беру салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Жиын барысында жауапты бөлім басшылары есеп беріп, мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлы көрсеткіштердің орындалу деңгейі жан-жақты талқыланды.

Мәжіліс барысында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Нұржан Шәпи қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар ол 2026 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық саясат шеңберінде жүзеге асырылатын жобаларға, жастар саясаты, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, азаматтық қоғам институттарын қолдау бағытындағы жоспарларға тоқталды.

Баяндамашы сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында іске асырылып жатқан жобалардың орындалу барысын баяндап, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті. Бұдан бөлек, діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау, діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері де кеңінен сөз болды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Кенжеғұлов аудан тұрғындарын әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол 2026 жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштерді қорытындылап, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдау шараларының орындалу барысы жөнінде баяндады.

Атап айтқанда, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға көрсетіліп жатқан көмектер, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, қоғамдық жұмыстар мен жастар тәжірибесі бағдарламаларының жүзеге асырылуы туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар да назарға алынды.

Мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков білім беру саласының қазіргі жай-күйі мен даму көрсеткіштері жөнінде хабарлама жасады. Ол мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту, орта білім сапасын арттыру, педагог кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар білім сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар, оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері, дарынды балаларды қолдау шаралары және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және цифрландыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.

Жиын барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек барлық сала бойынша жоспарланған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы басты талап екенін атап өтті.

– Әрбір көрсеткіштің артында тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сапасы тұр. Сондықтан бекітілген жоспарлардың орындалуына жауапкершілікпен қарап, жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Әсіресе әлеуметтік қолдау, қоғамдық тұрақтылық және білім беру салаларындағы міндеттер тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді аудан басшысы.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі осы салаларға жетекшілік ететін орынбасары Диас Молдабаевқа барлық бағыттағы жұмыстарды тиімді үйлестіруді, мемлекеттік бағдарламалар мен индикаторлардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, жауапты бөлімдермен бірлесіп жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ жиында көтерілген мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалу барысы алдағы уақытта аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.

Advertisements