Қазалы ауданында «Нұрдәулет» боулинг орталығы ашылды

Бүгін аудан орталығында жаңа кәсіпкерлік нысан – «Нұрдәулет» боулинг орталығының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде өңірде кәсіпкерлік саласының дамуы қарқын алғанын атап өтіп, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шағын және орта бизнестің кеңейіп келе жатқанын жеткізді.
– Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Қазалы ауданында да осы бағытта оң нәтижелер бар. Соңғы жылдары ондаған жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бүгін ашылып отырған бұл орталық – соның айқын дәлелі, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында жаңа кәсіпкерлік нысан иесі Самат Серікұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ кәсіпкердің әкесі Майлыбай Серік сөз сөйлеп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі мен қонақтар орталықтың лентасын қиып, жаңа нысанның жұмысымен танысты. Заманауи боулинг жабдықтары мен келушілерге жасалған жағдайлар көрсетілді.
Жалпы құны 60 млн теңгені құрайтын «Нұрдәулет» боулинг орталығы жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен салынған. Нысан бір мезетте 70 адамға дейін қызмет көрсете алады және 4 тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Аталған орталық – Қазалы ауданындағы заманауи ойын-сауық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.







