ҚАЗАҚСТАНДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТУРАЛЫ

96

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2027 жылдың соңына дейін еліміздің 12 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл өңірлер: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Шымкент және Астана қалалары. Бүгінде Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында 4 оңалту орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Атырау облысында тағы 1 орталық пайдалануға беріледі. Қалған 7 орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Қамқорлық» бастамасының үшінші кезеңін іске асыру шеңберінде аутизм спектрінің бұзылуы және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі ауысымдық орталықтарын ашу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар келесі 7 қалада жұмыс істейді: Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Шымкент.

Сонымен қатар, ЕХӘҚМ «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға арналған инновациялық оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба іске асыруда. Жоба төрт өңірде жүзеге асырылып жатыр, оған 230 бала қатысуда. Бірнеше ай ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: 83 бала өздігінен басын ұстай алады, 51 бала сүйенішсіз өздігінен отыра алады, 20 бала сүйенбей тұра алады, 16 бала өздігінен жүре бастады.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу

Мүгедектігі бар адамдарды (МБА) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. 2025 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша, мүгедектігі бар 111,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбекке қабілетті жастағы МБА-ның 30%-ын құрайды.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына 2-ден 4%-ға дейінгі квота белгілейді. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында квота шеңберінде 6,3 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ, МБА жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылуда. Жыл басынан бері: 3,7 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 463 адам – жастар практикасы аясында, 524 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 5,6 мың адам – қоғамдық жұмыстарға, 715 адам – «Күміс жас» жобасы бойынша, 112 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында, 9 адам – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар, 1,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттен 400 АЕК-ке дейін (1,6 млн теңгеге дейін) грант алды.

Кедергісіз орта құру және мемлекеттік бақылау

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. 2023–2027 жылдар аралығында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта республика бойынша 24 мыңнан астам нысан толық бейімделген.

2023 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар институты жұмыс істейді. Олар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау арқылы қадағалайды. 2025 жылдың басынан бері инспекторлар елдің барлық өңірінде 1083 тексеріс жүргізді, оның ішінде: 433-і – профилактикалық бақылау шеңберінде, 420-сы – жоспардан тыс тексерулер, 230-ы – прокуратураның тапсырмасы бойынша өткізілді.

Қазақстанның әр өңірінен мүгедектігі бар азаматтар оң өзгерістерді және өмір сапасының артқанын атап өтуде.

Advertisements