Қазақстанда сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақы өсуі мүмкін

Қазақстанда мұғалімдердің сынып жетекшілігі үшін алатын қосымша ақысын арттыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Құрылтайда өткен брифинг барысында журналистер оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға педагогтерге сынып жетекшілігі үшін шамамен 8 мың теңге қосымша ақы төленетінін айтып, бұл соманың мұғалімдердің атқаратын жұмысы мен балаларға бөлетін уақытына қаншалықты сәйкес келетінін сұрады.
Министрдің айтуынша, білім беру саласында қосымша ақыға қатысты бірқатар мәселе бар. Министрлік алдымен педагог-психологтардың еңбекақысына қатысты түйткілді шешкен. Қазір оларға шамамен 60 мың теңге көлемінде қосымша ақы төленеді.
“Қазір арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Себебі бұл салада қажеттілік жоғары екенін көріп отырмыз. Ал келесі кезеңде сынып жетекшілерінің мәселесін қарастырамыз”, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, қазір сынып жетекшілерінің атқаратын жұмысына, соның ішінде өткізетін сынып сағаттарының санына қатысты талдау жүргізіліп жатыр.
“Сынып жетекшілеріне қатысты мәселе де күн тәртібінде тұр. Себебі тәрбие жұмысының сапасы көп жағдайда олардың еңбегіне байланысты. Нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ министрлік бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіп жатыр”, – деді министр.
Фото: Pixabay.com







