Қазалы ауданында Халықаралық мейірбикелер күні аталып өтті

Бүгін Қазалы ауданында 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылып, сала мамандары құрметке бөленді.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен «Мейірім – мамандық емес, жүректің қасиеті» атты салтанатты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, мейірбике мамандығының қоғамдағы маңызына тоқталып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Соңғы жылдары аудан көлемінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық бекеттер ашылып, елді мекендердегі медицина инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ аудандық көп бейінді орталық аурухана жанынан кардиология және инсульт орталығы іске қосылып, заманауи компьютерлік томография аппараты орнатылғаны, ал алдағы уақытта МРТ құрылғысын іске қосу жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл бастамалар аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Мерекелік шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мейірбикелерге Қазалы ауданының Құрмет грамотасы және аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Шара соңында аудан өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып, ақ халатты абзал жандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 1000-нан астам мейіргер мен мейірбике халық денсаулығы жолында қызмет атқарып келеді.







