Әйтеке би кентінде инфрақұрылымдық жобалардың барысы тексерілді

35

Бүгінде Әйтеке би кентінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелеріне сәйкес бірқатар инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осыған орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кент аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен аудан басшысы Желтоқсан және Счастнов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен автотұрақтарын жөндеу жұмыстарын көрді. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және аулалардың инфрақұрылымын жақсарту.

Одан кейін Т.Сереев тұйығы мен Желтоқсан көшесіндегі №42 және №48 көпқабатты үйлер ауласында салынып жатқан қоғамдық әжетхана құрылысының барысы бақыланды. Бұл жоба тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар негізінде жүзеге асуда.

Сондай-ақ кент көшелерінде салынып жатқан жаңа автобус аялдамаларының құрылысы назарға алынды. Қазіргі таңда кент аумағында жалпы саны 12 жаңа аялдама салынуда. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, Мелиоратор мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлер ауласында орналасқан спорт алаңына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары да тексерілді. Бүгінде кент бойынша 2 жаңа спорт алаңы салынып, тағы 2 алаңға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі мердігер мекемелерге жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Әрбір нысан ұзақ мерзімде тұрғындар игілігіне қызмет етуі тиіс екенін атап өтіп, сапасыз орындалуға жол бермеу қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ кент әкіміне елді мекендегі тазалық, көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Advertisements