Қазалы ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында көктемгі санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда

Бүгін Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Тазалық шараларына аудан аумағындағы мекеме ұжымдары белсенді қатысып, Әйтеке би кентінің орталық көшелерімен қатар шет аймақтарын да қамтып отыр. Атап айтқанда, Т.Бөріқұлақов, Әйтеке би және Жанқожа батыр көшелерінің бойы, сондай-ақ кіреберіс қақпа мен теміржол өткелі маңындағы аумақтар тазартылуда.
Акция барысында көше бойларындағы және аяқсу арықтарындағы ретсіз өскен шөптер шабылып, гүл көшеттері отырғызылуда. Сонымен қатар бағаналар, жол белгілері, орындықтар мен аялдамалар сырланып, елді мекеннің сыртқы келбетін жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қазалылықтар бұл бастаманы бір күндік науқан ретінде емес, туған жердің тазалығына деген ортақ жауапкершілік ретінде қабылдап, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосуда.
Аудан көлемінде тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.






