Қызылордада «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында форум өтті

63

Бүгін Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында ауқымды форум ұйымдастырылды. Басқосуға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары, салалық басқарма басшылары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Форум барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, тұрғын үй қорын жаңарту, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы сәтті жүзеге асырылып, бүгінде тұрғындар оның игілігін көруде. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі тұрақты бақылауда. Соңғы үш жыл ішінде 3 млрд 500 млн теңге қаржыға 65 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 1 млрд 775 млн теңгеге 60 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельдермен қапталған. Қазіргі таңда қосымша 4 млрд теңгеге тағы 70 тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және балалардың қауіпсіз демалуына жағдай жасау мақсатында демеушілердің қолдауымен аулаларға 80 спорт және ойын алаңы орнатылған.

Форум барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Облыс көлемінде елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынған.

– Басты мақсатымыз – тұрғындардың жайлы әрі қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Форум аясында көтерілген бастамалар еліміздегі және Сыр өңіріндегі тұрғын үй саласының дамуына оң серпін береді деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жиын барысында «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытудағы партиялық жобалардың маңызына тоқталып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Тұрсынбайұлы, «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ департамент директоры Марғұлан Жеңісұлы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинұлы, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов және Пәтер иелері ассоциациясының Қызылорда қаласы бойынша төрайымы Ілімжаухар Кеңесқызы баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде пікір алмасты.

Форум аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру, көппәтерлі үйлерді тиімді басқару тетіктері, инженерлік желілердің сапасын арттыру және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жалпы, «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында өткен форум сала мамандары мен қоғам өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп, өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements