Қазалыда халықаралық отбасы күніне орай «Көңілді START» эстафетасы өтті

Бүгін 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Қазалы ауданында отбасылық құндылықтарды нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Көңілді START» атты дәстүрлі эстафеталық сайыс ұйымдастырылды. Шара Қазалы мәдени-демалыс кешенінің спорт алаңқайында мемлекеттік Гимнмен басталды.
Отбасылық сайыс Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімінің 2026 жылға арналған «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында өткізілді.
Эстафетаға көпбалалы 9 отбасы қатысып, өз командаларының ұрандарын таныстырды. Қатысушылар «Жүйрік ат», «Кім епті?», «Кім жылдам?», «Допты шеңберге лақтыру», «Жеңіске жету» кезеңдері бойынша бақ сынасты. Жарыс тартысты өтіп, көрермендер қызығушылығын тудырды.
Сайысқа спорт ардагері Қуанған Бәкенов, Әйтеке би кенттік әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Садуақасова және «Сауаптан құр қалмайық» қоғамдық қорының жетекшісі Мақсұт Қарымсақов қазылық етті.
Шараның марапаттау рәсімі мәдени кешендегі мерекелік кеш барысында жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, отбасы күні мерекесінің маңызына тоқталып, қатысушыларды құттықтады.
Нәтижесінде:
- І орын – Теңелбековтер отбасы (№266 мектеп-лицей), 100 000 теңге;
- ІІ орын – Смағұловтар отбасы (№204 мектеп), 70 000 теңге;
- ІІІ орын – Әбдірахмановтар отбасы (денсаулық сақтау бөлімі), 50 000 теңге.
Қалған қатысушы отбасылар аудан әкімінің Алғыс хаты және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік кеш соңында мәдениет орталығы өнерпаздары мен отбасылық ансамбльдер концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні құтты болсын!






