Халықаралық отбасы күніне орай тағылымды мерекелік кеш ұйымдастырылды

Отбасы – қоғамның іргетасы, ұлттың ұйытқысы және адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Тәлім-тәрбие мен адамгершілік қасиеттердің бастауы саналатын отбасы институтын нығайту мемлекет пен қоғам үшін әрдайым маңызды міндет болып келеді. Осыған орай жыл сайын 15 мамыр күні әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық отбасы күні аталып өтеді. Бұл мереке отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және қоғамдағы жанұяның рөлін насихаттауға бағытталған.
Осыған байланысты бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімінің тапсырмасымен Халықаралық отбасы күніне арналған «Бір шаңырақ астындағы шексіз махаббат» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, жанұя мүшелері арасындағы сыйластық пен татулықты дәріптеу, өнегелі отбасылардың қоғамдағы орнын айқындау және жас ұрпақты ұлттық тәрбие мен адамгершілік қағидаттарына баулу болды.
Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы қатысып, жиналған қауымды Халықаралық отбасы күнімен құттықтады.
Өз сөзінде ол отбасы институтының қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, берекелі жанұя – тұрақты қоғамның негізі екенін атап өтті.
– Отбасы – әр адамның өміріндегі ең басты құндылық. Ұлттың болашағы да ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты қалыптасады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтап, отбасы бірлігін нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі мерекенің басты мәні де осы құндылықтарды дәріптеуде жатыр, – деді Самат Қыдырбекұлы.
Мерекелік шара аясында ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген өнегелі отбасылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олардың қоғамдағы белсенділігі, еңбексүйгіштігі, ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісі және отбасылық құндылықтарды сақтаудағы өнегелі жолы көпшілікке үлгі ретінде насихатталды.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесінің ұлт болашағын қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті. Ол үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы ардақтау секілді ұлттық құндылықтардың отбасыдан бастау алатынын айтып, жастарды осы қасиеттерді бойына сіңіруге шақырды.
Кеш барысында көп жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп өсірген, отбасы беріктігінің жарқын үлгісіне айналған «Гаухар той» иегерлері де сахна төріне шақырылып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар отбасы бақытының негізі өзара сыйластық, түсіністік пен адалдық екенін атап өтіп, көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдірді.
Берекелі басқосу барысында отбасы тақырыбын арқау еткен тағылымды көріністер қойылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем әндер мен жүрекке жылы тиетін шығармалар мерекелік кештің мазмұнын байытып, отбасы құндылықтарының маңызын айшықтай түсті.
Отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің беріктігінің кепілі. Сондықтан отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Мерекелік кеш қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, отбасының қоғамдағы орны мен маңызын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды басқосуға айналды.







