Аралда “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

38

Бүгін аудан аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік жұмыстары бастау алды. Ауқымды тазалық шаралары аудан орталығы мен барлық елді мекендерде ұйымдастырылып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді.

Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және туған жердің көркеюіне үлес қосу болып табылады. Осы бағытта аудан көлемінде кешенді тазалық жұмыстары қолға алынды.

Сенбілік барысында қала аумағында қоқыс қалдықтары жиі тасталатын орындар толықтай тазартылып, заңсыз қоқыс үйінділері жойылды. Сонымен қатар көпшілік демалатын саябақтар, аллеялар, скверлер мен әлеуметтік нысандардың маңы ретке келтірілді. Жол жиектері мен қоғамдық орындардағы қоқыстар жиналып, аумақтар тазартылып, кейбір бөліктерде сырлау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Тазалық жұмыстары тек қала аумағымен шектелмей, кенттер мен ауылдық округтерде де қарқынды жүргізілді. Елді мекендердегі орталық көшелер, әлеуметтік нысандардың айналасы және қоғамдық орындар толық қамтылды.

Аталған экологиялық акцияға мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен аудан тұрғындары белсенді түрде қатысып, ортақ іске деген жауапкершілігін көрсетті. Ортақ күш біріктірген көпшілік туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың парызы екенін тағы бір мәрте айқындады.

Шара барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық санасын арттырып қана қоймай, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Аудан аумағындағы тазалық жұмыстары ертең де жалғасын табады. Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру, абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.

Осылайша, аудан тұрғындарының белсенді қатысуымен өткен сенбілік туған жерді көркейтуге бағытталған игі бастамалардың бірі ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Advertisements