Аралдық мектеп бітіруші түлектер 7 бірдей білім грантын иеленді

47

Аудан орталығындағы Ұ. Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының оқушылары білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Оқушылардың жетістігі – білімге деген ұмтылыс пен ұстаздардың кәсіби еңбегінің жемісі ретінде бағалануда.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ұйымдастырған автокеруен аясында қала және аудан мектептерінің 11-сынып бітіруші түлектері арасында қазақ тілінде өткен «EKTU QUIZ» зияткерлік ойыны өткізілді. Аталған білім сайысында №262 мектеп-гимназиясының “Жеті қарақшы” командасы ерекше білім деңгейін көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жүлделі І орынды иеленді.

Зияткерлік дода барысында қатысушылар логикалық ойлау қабілеті, жылдам шешім қабылдау, білімді ұтымды қолдану сынды бағыттар бойынша сынға түсті. Тартысты өткен сайыста мектеп командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, барлық кезеңнен сәтті өтіп шықты.

Жарыс нәтижесінде үздік атанған команда құрамындағы оқушылар – Қайсар Маханов, Асқарбек Қазиев, Рамазан Жаңабаев, Нұрқанат Сағынаев, Бекнұр Сәдуақас, Мұнар Құлекенов және Ғабит Қашқынбай – Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің 4 жылдық білім грантының иегері атанды.

Бұл жетістік түлектер үшін үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен қатар олардың болашақ кәсіби жолына берілген маңызды қолдау болып табылады. Білім гранты – талапкерлердің үздік оқуына жол ашып, жоғары білім алуына толық жағдай жасайды.

Аталған жеңіс – оқушылардың тынымсыз еңбегі мен ізденісінің, ұстаздардың сапалы білім берудегі қажырлы жұмысының айқын нәтижесі. Сонымен қатар бұл көрсеткіш мектеп ұжымының білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын дәлелдейді.

№262 мектеп-гимназиясының бұл жетістігі аудан мектептері арасындағы білім бәсекесінің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, жас түлектердің үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізе алатынын айқындады.

Алдағы уақытта да білімді, талапты жастардың осындай халықаралық және республикалық деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтата беретініне сенім мол.

Advertisements