Аңыз адам атындағы аяқ доп турнирі басталды

109

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Локомотив» құтқарушылар стадионында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кәсіби футболшы, спорт шебері Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.

Жас футболшылардың шеберлігін шыңдап, спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жарысқа өңірдің әр ауданынан келген 10 команда қатысуда. Турнир жас спортшыларға тәжірибе алмасуға, өзара мықтыны анықтауға және футболдағы алғашқы үлкен қадамдарын жасауға мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Нұржан Ахатов, спорт ардагерлері, облыстық футбол федерациясының өкілдері мен спорт жанашырлары қатысты. Жиында сөз сөйлеген қала әкімі Тимур Сегізбаевтың қазақ футболындағы тарихи орны мен Сыр спортына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.

– Тимур Санжарұлы – қызылордалықтар үшін өшпес есім, аласармас тау тұлға. Ол жергілікті «Автомобилист» командасынан бастап, бүгінгі «Қайсар» футбол клубының іргесінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақ футболының дамуына сүбелі еңбек сіңірген азаматтың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Сондықтан бүгінгі турнир – жас ұрпақты спортқа баулумен қатар, даңқты тұлғаның рухына тағзым етудің көрінісі, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Сонымен қатар қала әкімі «Қайрат» футбол клубының атауына қатысты тарихи дерекке тоқталып, бұл атаудың Сыр өңірімен де рухани байланысы бар екенін атап өтті.

– Кеңестік кезеңде Алматының «Урожай» командасы кейін «Қайрат» атауын иеленген болатын. Бұл атауды екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев батасын беріп қойған. Сондықтан Тимур Санжарұлының өмір жолымен сабақтас «Қайрат» командасының атауы біз үшін әрқашан ыстық, – деді ол.

Шара барысында спорт ардагерлері мен облыстық футбол федерациясының президенті Болат Көшербаев жас футболшыларға ақ батасын беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнирдің ашылуында қаладағы спорт саласының даму қарқыны да ерекше аталып өтті. Соңғы жылдары Қызылордада тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына барлық жағдай жасалып келеді. Қала аумақтарында жаңа спорт алаңдары салынып, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін инфрақұрылымдар көбейген.

Бүгінде халықаралық талаптарға сай келетін 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионында ел чемпионаттары мен түрлі республикалық жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Сонымен қатар өңірдегі маңызды спорт жобаларының бірі – Еуропаның үздік футбол мектептері үлгісінде салынып жатқан «Қайсар» футбол академиясы. Жаңа академияда жас спортшыларға арналған жатақхана, мектеп, асхана және жеті заманауи жаттығу алаңы қарастырылады.

Қалада бұдан бөлек, заманауи теннис орталығы жұмыс жасап, онда күнделікті жарыстар мен оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылуда. Ал инклюзивті спорт мектебі ерекше күтімді қажет ететін балаларға спортпен айналысуға қолайлы орта қалыптастырып отыр.

Жақын күндері пайдалануға берілетін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені де өңір спортының дамуына тың серпін бермек. Заманауи кешенде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік қарастырылған.

Жалпы, Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған республикалық турнир – жас футболшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, өскелең ұрпақты спортқа, салауатты өмір салтына тәрбиелейтін маңызды жарыстардың бірі болмақ.

Advertisements