«Бақытты балалық шақ»: Қазалыда балалар күні кең көлемде аталып өтті

39

Бүгін Қазалы ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Бақытты балалық шақ» атты кең көлемді мерекелік шара ұйымдастырылды. Балаларға арналған айтулы мереке Қазалы мәдени-демалыс кешенінде өтіп, ауданның әр түкпірінен келген бүлдіршіндер мен ата-аналарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара барысында өнерлі және шығармашыл оқушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, сурет, қолөнер және түрлі декоративті жұмыстардан құралған көрмелерін таныстырды. Балалардың қиялы мен шеберлігін танытқан бұл көрме келушілер тарапынан жоғары бағаланды.

Мерекелік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, ауданның кішкентай тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде балалардың жарқын болашағы мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді. Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ парыз. Жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады», – деп атап өткен болатын. Осы бағытта елімізде, соның ішінде Қазалы ауданында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы сондай-ақ соңғы жылдары өңірде білім, мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс басшылығының бастамасымен облыста 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтергенін, білім беру инфрақұрылымы айтарлықтай жаңғырғанын атап өтті.

Атап айтқанда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 жаңа мектеп салынса, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледж, Оқушылар сарайы, «Сыр жұлдыздары» академиясы және бірқатар аудандардағы өнер және оқушылар үйлері пайдалануға берілген. Сонымен қатар балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жаңа тынығу лагерьлері де іске қосылуда.

Қазалы ауданының өзінде де балалар мен жасөспірімдерге арналған игі істер жүйелі түрде жалғасуда. «Келешек мектептері» жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілсе, аудан бойынша 9 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені ашылып, жақын уақытта Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында да заманауи спорт кешендері ел игілігіне берілмек.

Бұдан бөлек, биыл аудан орталығында балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған 2 спорт алаңы жаңғыртылып, мереке қарсаңында тағы 2 жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Мерекелік кеш барысында сахна төрінде өнерпаз балалар ән шырқап, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалардың шығармашылық қойылымдары мен концерттік бағдарламалары мерекенің мазмұнын аша түсті.

Сонымен қатар шара аясында бүлдіршіндерге арналған қызықты ойындар ұйымдастырылып, ертегі кейіпкерлері балалармен бірге көңілді бағдарлама өткізді. Арнайы батуттар мен ойын алаңдары құрылып, кішкентай қонақтарға ерекше шаттық сыйланды.

«Бақытты балалық шақ» мерекесі балалардың шат күлкісі мен қуанышына толы болып, аудан тұрғындарына жылы әсер қалдырды.

Advertisements