Аудан әкімі «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен арнайы кездесті

55

Бүгін аудан әкімі «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен арнайы кездесіп, жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтады. Жиын барысында ол жастардың ауданның тазалығы мен абаттандырылуына қосып жүрген үлесін атап өтіп, олардың еңбегін жоғары бағалады.

Кездесу ашық форматта өтіп, аудан басшысы жастармен еркін пікір алмасып, олардың жазғы маусымдағы жұмыстары мен жоспарлары туралы да сұрап білді. Сондай-ақ ол «Жасыл ел» бағдарламасының тек маусымдық еңбек емес, жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа және жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды әлеуметтік жоба екенін ерекше атап өтті.

– «Жасыл ел» – жастар үшін туған жерге қызмет етудің, еңбек мәдениетін қалыптастырудың үлкен мектебі. Сіздер ауданымыздың көркеюі мен тазалығына үлес қосып, қоғамдық маңызы бар жұмыстарды атқарып келесіздер. Бұл – нағыз азаматтық ұстаным мен елжандылықтың көрінісі. Осындай белсенді, еңбекқор жастар – еліміздің ертеңі. Баршаңызға табыс, күш-жігер және сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында жастар өз ойларын ортаға салып, еңбек маусымында атқаратын жұмыстарға дайын екендерін жеткізді. Аудан басшысы олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жұмысты тиімді ұйымдастыру бойынша жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кетейік, биыл Қазалы ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағына 110 жас тартылған. Олар жазғы маусымда аудан аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық-тазалық жұмыстарына белсене қатысып, жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүзеге асыруға өз үлестерін қоспақ.

Advertisements