«Dostar fest» — бір сахна. Бір ырғақ. Бір достық!

21

Қала күніне орай Орталық алаңда жастардың шығармашылығын қолдауға және заманауи би өнерін насихаттауға бағытталған «DOSTAR FEST» заманауи би байқауы өтті. Өнер мерекесіне жиналған көрермендер бірнеше сағат бойы түрлі би бағыттарын тамашалап, жас бишілердің шеберлігіне куә болды.

Жастардың жалынды энергиясы мен шығармашылық ізденісін тоғыстырған фестиваль Орталық алаңға ерекше көңіл күй сыйлады. Сахнаға шыққан бишілер заманауи хореографияның сан алуан бағыттарын ұсынып, өздерінің дайындығы мен орындаушылық шеберлігін көрсетті. Әр қойылым өзіндік мазмұнымен, қимыл үйлесімімен және сахналық шешімімен ерекшеленді.

Байқауға «DOUBLE DANCE», «Сымбаттым», «Жарық жұлдыз», «ORDA DRIVE», «PRO kids», «Қырмызы», «AI-KERIM», «Арайлы» және «PRO» би топтары қатысты. Түрлі жастағы бишілерден құралған шығармашылық ұжымдар көрерменге арнайы дайындаған қойылымдарын ұсынып, сахнадағы әр сәтті әсерлі өткізуге тырысты.

Би өнері – тек қимыл мен ырғақтың үйлесімі емес, ол шығармашылықты, сахна мәдениетін, командалық жұмысты және үздіксіз дайындықты талап ететін өнер түрі. Осыны ескерген қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бірнеше бағыт бойынша бағалады. Атап айтқанда, би қойылымының орындалу деңгейі, хореографияның күрделілігі мен үйлесімі, сахналық мәдениет, шығармашылық ізденіс және орындаушылық шеберлік назарға алынды.

Байқау барысында сахнаға шыққан әрбір топ өз мүмкіндігін көрсетуге ұмтылды. Кейбір ұжымдар динамикалық қойылымдарымен ерекшеленсе, енді бірі сахналық образ бен хореографиялық шешімге басымдық берді. Ал көрермендер қатысушыларға қолдау көрсетіп, әр өнер көрсетілімін ыстық ықыласпен қабылдады.

«DOSTAR FEST» фестивалінің тағы бір ерекшелігі – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға мүмкіндік беруі. Мұндай байқаулар жас өнерпаздардың сахна тәжірибесін арттырып, өзара тәжірибе алмасуына жол ашады. Сонымен қатар би топтары арасында достық қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді.

Кеш соңында қазылар алқасы байқаудың қорытындысын жариялап, үздік өнер көрсеткен шығармашылық ұжымдарды марапаттады. Бас жүлде «ORDA DRIVE» би тобына бұйырды. І орынға «Арайлы» би тобы ие болды. ІІ орын «PRO» және «DOUBLE DANCE» би топтарына берілді. Ал ІІІ орын «DOUBLE DANCE» және «Сымбаттым» би ансамбльдеріне табысталды.

Сонымен қатар байқауға белсенді қатысып, өзіндік өнерімен ерекшеленген өзге де шығармашылық ұжымдарға арнайы номинациялар мен дипломдар табысталды.

Осылайша, «DOSTAR FEST» қала күні аясындағы жастарға арналған жарқын мәдени шаралардың біріне айналды. Бір сахнаға жиналған жас бишілер өз өнерін ортаға салып қана қоймай, би арқылы достықты, бірлікті және шығармашылық рухты көрсетті. Ал көрермен үшін бұл кеш заманауи өнер мен жастар энергиясы тоғысқан есте қаларлық мерекелік кеш болды.

Advertisements