Әйтеке би кентінде Отан қорғаушылар күніне арналған әскери-патриоттық шара өтті

Әйтеке би кентіндегі «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай оқушылар арасында аудандық әскери-патриоттық шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындалды. Бұл рәсім жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын арттыруға бағытталған салтанатты сәтке айналды.
Жиынға қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жас сарбаздар мен барша қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, мерекенің мәні мен маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінгі іс-шараның жас ұрпақтың бойына патриоттық рух, тәртіп пен жауапкершілік қалыптастырудағы рөлі зор екенін атап өтті.
– Патриотизм – тек сөз емес, ол туған жерге деген құрмет, ел тарихын білу, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу және қоғамға адал қызмет ету. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел қорғайтын азаматтар. Сондықтан сіздердің тәртіпті, білімді, рухы биік болып өсуіңіз мемлекетіміз үшін аса маңызды, – деді аудан әкімі.
Одан кейін сөз алған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай да қатысушыларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара саптық байқаумен жалғасты. Байқауға аудан мектептерінен жасақталған «Құрлық әскері», «Жас ұлан», «Әуе десанты», «Әскери-теңіз күштері» сияқты взводтар қатысты. Жас ұландар саптық дайындық, ұйымшылдық және тәртіп бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Шара барысында аудандық спорт мектебінің таэквондошылары қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар «АК-74» оқу қаруын шашу, әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды.
Іс-шара патриоттық әндермен өрнектеліп, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған тағылымды мерекелік бағдарлама ретінде өтті.






