Аралда Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты кеш өтті

44

Бүгін Арал ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Мықты әскер – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты мерекелік кеш өтті. Ел қорғаны болған ерлердің ерлігі мен әскери қызметтің мәртебесін дәріптеуге арналған шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері және зиялы қауым қатысты.

Мерекелік кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде енгізумен басталып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Бұл рәсім жиынның маңызын арттырып, қатысушылардың бойында елге деген мақтаныш сезімін оятты.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов, құқық қорғау органдарының басшылары, еңбек және әскери ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Өз сөзінде ол бұл мерекенің ел тәуелсіздігін қорғауға үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар санаулы күндерден кейін Ұлы Жеңістің 81 жылдығы атап өтілетінін айтып, қос мерекенің тарихи маңызына тоқталды.

– Құрметті жерлестер! 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні барша азаматтардың ерлігі мен ел алдындағы жауапкершілігін дәріптейтін ерекше мереке. Тәуелсіз еліміздің бейбіт өмірі мен тұтастығын сақтау – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының сенімді кепіліне айналды. Ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Батыр бабаларымыздың ерлігі мен өнегесі бүгінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болып қала береді, – деді Нұрмұхамед Бохаев.

Сондай-ақ ол елдің қуаты ең алдымен бірлік пен тұрақтылықта екенін атап өтіп, Отан алдындағы қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Салтанатты кеш барысында әскери салада ұзақ жылдар қызмет еткен ардагерлерге, аудандық қорғаныс істері бөлімінің мамандарына, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдеріне және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды.

Сонымен қатар 2023–2026 жылдар аралығында мерзімді әскери борышын өтеп келген бір топ жас азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл жастардың ел алдындағы жауапты міндетті абыроймен орындап, әскери қызметтің мәртебесін көтеруге қосқан үлесіне берілген құрмет болды.

Мерекелік жиында сөз алған «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай да жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне жоғары баға берді.

Ол өз сөзінде патриотизм, жауапкершілік және мемлекетке адал қызмет ету ұғымдарының қоғам үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде әскери қызметшілер мен ардагерлердің рөлі айрықша екенін жеткізді.

Шара барысында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын бірқатар азаматтар «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік кештің ресми бөлігінен кейін аудан өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахна төрінде патриоттық әндер орындалып, Отанға деген сүйіспеншілік пен елге қызмет етудің маңызын дәріптейтін музыкалық композициялар шырқалды.

Сонымен қатар көрермендерге майдангер бабалардың ерлігі мен қаһармандық жолын бейнелейтін көркем қойылымдар ұсынылды. Әсерлі сахналық көріністер арқылы қатысушылар халқымыздың батырлық тарихын тағы бір мәрте еске алып, ерлік пен елдік рухын сезінді.

Шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі, тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасу жолы және бүгінгі әскери қызметшілердің қоғамдағы орны кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға және елге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталды.

Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Мереке ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға деген құрметтің белгісі ретінде өтіп, әскери қызметтің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Ел қорғаны болған ерлерге құрмет көрсету – ұлттың рухын асқақтататын игі дәстүр. Сондықтан Отан қорғаушылар күні – елдік пен ерліктің, патриотизм мен жауапкершіліктің мерекесі ретінде әрқашан айрықша мәнге ие болып қала береді.

Advertisements