Қармақшыда Даулет Сламовты еске алуға арналған облыстық ашық дзюдо турнирі өтті

44

Бүгін Қармақшы ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жас спортшылардың басын қосқан тағылымы мол спорттық шара – Даулет Пайзылдаұлы Сламовты еске алуға арналған 2013–2014 және 2015–2016 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық дзюдо турнирі өтті.

Жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу, бұқаралық спортты дамыту, дзюдо күресін кеңінен насихаттау және өскелең буынның бойында отансүйгіштік пен елжандылық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа Қызылорда облысының әр өңірінен келген 300-ге жуық жас спортшы қатысты.

Спорттық дода жас дзюдошылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа достық байланыстар орнатуына және болашақтағы ірі жарыстарға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Турнир Даулет Пайзылдаұлы Сламовтың жарқын рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды. Даулет Сламов жастайынан спортқа ерекше қызығушылық танытып, салауатты өмір салтын насихаттауға өзіндік үлес қосқан азамат ретінде ел жадында сақталған тұлға. Қысқа ғұмырында спорт саласына жанашырлық танытып, жастарға қолдау көрсетіп, түрлі игі бастамалардың жүзеге асуына демеушілік жасаған оның азаматтық болмысы мен қайырымдылығы бүгінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, ата-аналар және спорт сүйер қауым қатысты.

Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев турнирдің жас буын тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Осындай тағылымды жарыстар арқылы жастарымыздың бойында үлкенге құрмет, өткенге тағзым ету, туған жерге деген сүйіспеншілік секілді асыл қасиеттер қалыптасады. Бүгінде спорт тек жарыс алаңы ғана емес, ол тәртіптің, табандылықтың және мақсатқа ұмтылудың мектебі болып отыр. Сондықтан мұндай жарыстардың тәрбиелік мәні ерекше.

Құрметті спортшылар! Қазіргі қоғамда спорттың орны айрықша. Спорт арқылы жастарымыз шыңдалып, болашақта еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын азаматтарға айналады. Толағай батырларды түлеткен қасиетті Қармақшы жеріне арнайы келіп қатысуларыңыздың өзі туған елге деген құрметтің белгісі. Бүгінгі татамиде үздік шыққан жастарымыз ертең көк байрағымызды әлемдік жарыстарда желбіретеді деп сенеміз, – деді ол.

Салтанатты жиында әулеттің үлкені Тұрар Арыстанұлы сөз алып, жарысқа қатысушы жастарға ақ батасын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ол Даулет Сламовтың адамгершілік қасиеттері мен елге жасаған жақсылықтарын еске алып, оның есімін ұлықтауға арналған турнирдің мән-маңызына тоқталды.

Мерекелік шара барысында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, арнау жырлар оқылып, патриоттық және рухани мазмұндағы әндер орындалды. Бұл өз кезегінде спорттық жарыстың тәрбиелік мазмұнын арттыра түсті.

Жарыс барысында жас дзюдошылар әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша татамиге шығып, өзара күш сынасты. Қатысушылардың жоғары дайындық деңгейі мен жеңіске деген жігері көрермендердің қызығушылығын арттырып, тартысты белдесулерге ұласты. Әсіресе бірнеше салмақ дәрежесінде өткен кездесулер жанкүйерлердің ерекше қолдауына ие болды.

Турнир барысында спортшылар тек физикалық дайындығын ғана емес, дзюдоға тән тәртіп, құрмет және табандылық секілді қасиеттерін де көрсете білді. Бұл жарыстың жас спортшылардың кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсер ететіні анық байқалды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жаттықтырушыларына да алғыс айтылып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Даулет Сламовты еске алуға арналған бұл дәстүрлі турнир жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елге қызмет етудің, қайырымдылық пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін насихаттайтын маңызды шара ретінде өз мәресіне жетті.

Advertisements