Жол бойында инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асып жатыр

44

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапары барысында халықаралық маңызға ие Ұлы Жібек жолы бағыты бойында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың бірі – «Алаш Метан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің метан газ құю бекетінің құрылыс алаңында болды. Өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жоба ауданның инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі саналады.

Нысан басында аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының қазіргі барысы және жобаны іске асыру кезеңдері жөнінде толық ақпарат алды. Кездесу барысында жауапты мамандар атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, нысанды пайдалануға беру мерзімдерімен таныстырды.

Жобаға сәйкес қазіргі уақытта метан газын құюға арналған негізгі технологиялық қондырғылар орнатылып жатыр. Сонымен қатар әкімшілік және қызмет көрсету мақсатындағы қосымша ғимараттардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 600 миллион теңгені құрайды. Инвестициялық бастама толық іске қосылған кезде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік бермек.

Жоба өкілдерінің мәліметінше, метан газ құю бекеті тәулігіне 200 автокөлікке дейін қызмет көрсетуге қауқарлы болады. Заманауи технологиялармен жабдықталатын нысан көлік иелеріне қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар экологиялық тұрғыдан тиімді саналатын метан отынының қолжетімділігін арттыру арқылы өңірдегі баламалы отын нарығының дамуына серпін береді.

Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде әрі барлық техникалық талаптарды сақтай отырып аяқтау қажеттігін атап өтті. Ол мұндай жобалардың аудан экономикасын дамытуда және жол бойындағы сервистік қызметтердің сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

– Бүгінде халықаралық автодәліз бойындағы қызмет көрсету нысандарының сапасы өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен туристік әлеуетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан қолға алынған әрбір жоба жоғары талаптарға сай болуы керек. Ең бастысы – сапа мен қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс, – деді аудан басшысы.

Жоба жетекшілері нысанды осы жылдың ішінде толық аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Бекет іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарына ғана емес, халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдармен қатынайтын жүргізушілерге де қызмет көрсететін болады.

Айта кету керек, аудан аумағында жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның нақты мысалы ретінде «Эко Энерджи Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатқан «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасын атауға болады.

Аталған жобаның бірінші кезеңі сәтті аяқталып, қазіргі таңда пайдалануға берілген нысан жолаушылар мен жүргізушілерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Кешен құрамында автокөліктерге қызмет көрсету, демалыс және қажетті тұрмыстық қызмет түрлерін ұсынуға арналған инфрақұрылым қалыптастырылған.

Мамандардың пікірінше, мұндай инвестициялық жобалардың жүзеге асуы ауданның көлік және логистика саласын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға оң ықпал етеді.

Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев инвесторларға қолдау көрсету және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар қолға алынған жобалардың аудан халқының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Advertisements