Аудан әкімі өндірістік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапары барысында Арал қаласының шығыс беткейінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды инвестициялық жобалардың жұмысымен танысты. Өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобалардың қатарында жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру және мотоцикл құрастыру өндірістері бар.
Алдымен аудан басшысы «Тоғыс-Аралотын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған «Жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру» жобасының құрылыс алаңында болды. Қазіргі таңда өндіріс орнында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті технологиялық жабдықтарды орнату кезеңі жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Ауқымды бастама өңірдегі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы жаңа өндіріс көзін қалыптастыруға бағытталған. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жауапты мамандардан атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алды.
Жоба бастамашыларының айтуынша, кәсіпорын Арал қаласындағы индустриялық аймақ маңында орналасқан арнайы жер телімінде техникалық және жоғары сұрыпты медициналық тұз өндіруді қолға алмақ. Бұл өнімдерге қазіргі таңда ішкі нарықта сұраныс жоғары. Сонымен қатар жобаның келесі кезеңінде экстра сұрыпты ас тұзын өндіру жоспарланып отыр.
Мамандардың мәліметінше, өндіріс орны толық қуатында іске қосылған кезде жылына 40 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Шығарылатын өнімнің шамамен 50 пайызы Қазақстан нарығына бағытталса, қалған бөлігі шетелдік тұтынушыларға экспортталмақ.
Бұл өз кезегінде ауданның экспорттық әлеуетін арттырып, өңір экономикасына қосымша кіріс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті шикізатты өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру жолға қойылады.
Жоба толық іске қосылған жағдайда кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өндіріс орны заманауи автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтіндіктен, өндірістік процестерді басқаруға және техникалық қызмет көрсетуге арнайы дайындықтан өткен мамандар тартылатын болады.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі тағы бір тың бастамамен танысты. Болашақта Аралдан «Dara Moto» брендімен мотоциклдер шығарылатын болады. Бұл жобаны да жүзеге асырушы – «Тоғыс-Аралотын» ЖШС.
Қазіргі таңда зауыт аумағында мотоциклдерді құрастыруға арналған өндірістік желілер іске қосылып, алғашқы өнімдерді жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы өндіріс орнын аралап, құрастыру цехтарының жұмысымен танысты.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 20 мың дана мотоцикл құрастыруды жоспарлап отыр. Өнімдер ішкі нарыққа шығарылып қана қоймай, алдағы уақытта экспорттық бағыттарды дамыту да көзделуде.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, өндірісте заманауи технологиялар қолданылып, нарық сұранысына сай әртүрлі үлгідегі мотоциклдер шығарылатын болады. Бұл өндіріс Қазақстандағы көлік құралдарын құрастыру саласын дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға өз үлесін қоспақ.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев өндіріс алаңдарын аралау барысында кәсіпорын басшылығымен және жоба өкілдерімен пікір алмасты. Ол мұндай өндірістердің аудан экономикасы үшін маңызды екенін атап өтіп, ең алдымен өнім сапасына ерекше мән беру қажеттігін айтты.
– Қандай өнім шығарылса да, оның сапасы жоғары болуы тиіс. Тұтынушының сеніміне ие болудың басты жолы – сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну. Сонымен қатар өндірілген өнім халыққа қолжетімді бағада болуы қажет. Сонда ғана отандық өнімге деген сұраныс артады, – деді аудан басшысы.
Сонымен бірге ол кәсіпорындардың өндірістік жоспарларын табысты жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізіп, жоба бастамашыларына сәттілік тіледі.
Жалпы, жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру және мотоцикл құрастыру жобалары Арал ауданында өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың қатарына жатады. Бұл жобалардың іске асуы жаңа өндіріс орындарын қалыптастырып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсерін тигізеді.







