Қармақшыда Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

Еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігін сақтау – әрбір мемлекеттің басты құндылығы әрі ең маңызды міндеттерінің бірі. Тарихтың әр кезеңінде ел қорғаған батырлардың ерлігі мен жанқиярлығы ұрпақ жадында сақталып, бүгінгі бейбіт өмірдің негізіне айналды. Сондықтан Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен елжандылық қасиеттерді қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осыған орай бүгін Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы» атты салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға аудан тұрғындары, ардагерлер, әскери сала қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, жастар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Тағылымы мол шараның негізгі мақсаты – ел қорғаған батырлардың ерлігін дәріптеу, әскери қызметтің маңызын насихаттау және өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болды.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, қатысушыларды Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
– Халқымыздың қаһармандық рухын ұлықтайтын бұл мерекелер – батылдық пен ерліктің, Отанға деген адалдық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық – аға буынның жанқияр ерлігі мен табанды еңбегінің нәтижесі. Біз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз және ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметкерлердің еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз.
Бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Тәуелсіздігіміздің сенімді қалқанына айналып отыр. Құрылғанына 34 жыл толған Қарулы Күштеріміз мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел қорғанының берік негізіне айналды. Барша Отан қорғаушыларды мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларына амандық және қызметтеріне табыс тілеймін. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын, – деді аудан басшысы.
Мерекелік жиын барысында ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында абыройлы еңбек етіп жүрген және өз саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласының мамандары облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, көпшілік алдында құрметке ие болды.
Марапаттау рәсімі қатысушылардың ерекше ықыласына бөленіп, ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрметтің көрінісіне айналды.
Шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі және тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметкерлердің жауапты қызметі туралы тағылымды мәліметтер айтылып, олардың өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.
Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары патриоттық әндер орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар театрландырылған қойылымдар мен әдеби-музыкалық композициялар ұсынылып, Ұлы Жеңіс жылдарының тарихи көріністері сахналанды.
Әсерлі қойылымдар арқылы майдангерлердің ерлігі мен елге деген сүйіспеншілігі бейнеленіп, көрермендерге ерекше рухани әсер қалдырды. Өнерпаздардың орындауындағы патриоттық шығармалар кештің мазмұнын тереңдетіп, мерекелік атмосфераны айшықтай түсті.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырда құрылды. Осы тарихи күн еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Ал 1993 жылдан бастап 7 мамыр ресми түрде Отан қорғаушылар күні болып бекітіліп, мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.
Бүгінде бұл мереке ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген барлық азаматтарға көрсетілетін құрметтің белгісі саналады. Ал Ұлы Жеңіс күні – халқымыздың қайсарлығы мен бірлігін дәріптейтін, тарихи жадымызды жаңғыртатын қасиетті мерекелердің бірі.
«Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы» атты салтанатты шара батырлық пен отансүйгіштікті ұлықтап, жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған тағылымды мереке ретінде көпшілік көңілінен шықты.







