Аудан әкімі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты

42

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, құрылыс алаңдары мен өндірістік нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы жобалардың орындалу деңгейін бағамдап, жауапты тұлғалармен кездесіп, алдағы міндеттерді нақтылады.

Алдымен аудан әкімі қала аумағында салынып жатқан ауқымды өндірістік жобалардың бірі – түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттың құрылыс алаңына барды. Бұл жоба аудан экономикасын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

Жобаны жүзеге асырып жатқан – «Qazaq Camel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын жетекшісі Нұғырбек Абулғазин аудан әкіміне зауыттың құрылыс жұмыстарының барысы мен өндірістік мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Оның айтуынша, бұл өңірде алғаш рет қолға алынып отырған бірегей жоба болып табылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін түйе сүтін заманауи технологиялар арқылы өңдеп, жоғары сұранысқа ие құрғақ ұнтақ өнімдерін өндіретін болады. Мұндай өнімдер ішкі нарықпен қатар экспорттық бағыттарға да шығаруға мүмкіндік береді.

Жоба құны 3 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгесі мемлекеттік қолдау аясында берілген жеңілдетілген несие есебінен қаржыландырылса, қалған 1,2 миллиард теңгесі инвесторлардың жеке қаражаты болып табылады. Бұл мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің нақты көрінісі ретінде бағалануда.

Кәсіпорын жылына 392 тонна дайын өнім өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның толық қуатында жұмыс істеуі аудан экономикасына қосымша инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында аудан әкімі өндірістік кешеннің негізгі ғимараттарын аралап көрді. Қазіргі таңда зауыттың өндірістік ғимараты толық салынып біткен. Сонымен қатар негізгі технологиялық құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталған. Жекелеген құрылғылар бойынша монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.

Жоба жетекшісінің мәліметінше, зауытты іске қосу жұмыстары соңғы кезеңге аяқ басқан. Егер барлық жұмыстар жоспарға сәйкес орындалса, кәсіпорын осы айдың соңына қарай алғашқы өнімдерін шығаруды бастайды.

Зауыттың табысты жұмыс істеуі үшін шикізат базасын қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы түйе шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтармен келіссөздер жүргізіліп, түйе сүтін қабылдау және тасымалдау жүйесі пысықталуда.

Осы мақсатта арнайы 10 сүт қабылдау пунктіне арналған сыйымдылықтар сатып алынған. Сонымен қатар шикізатты уақтылы жеткізу үшін бірнеше арнайы автокөлік алынған. Бұл жүйе ауылдық елді мекендердегі шаруалардың өнімін тұрақты қабылдауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның технологиялық мүмкіндігі тәулігіне 20 мың литр түйе сүтін өңдеуге жетеді. Ал нарықтағы сұраныс көлемі артқан жағдайда өндіріс қуатын ұлғайтуға қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған. Заманауи жабдықтар арқылы өнім көлемін бірнеше есеге арттыруға болады.

Мамандардың айтуынша, зауыттың іске қосылуы ауданның ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін береді. Әсіресе түйе шаруашылығымен айналысатын жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасып, олардың табысын арттыруға мүмкіндік туындайды. Сонымен қатар өңірде өндірілген экологиялық таза өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі артып, экспорттық әлеуеті күшейеді.

Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев бұл жобаның аудан үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Бірнеше жыл бұрын басталған бұл ауқымды жобаның нақты жүзеге асу кезеңіне жетуі – аудан экономикасы үшін маңызды оқиға. Өндіріс орны іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардың мүмкіндігі кеңейеді. Сондықтан іске қосу жұмыстары барысында ешқандай кемшілікке жол берілмеуі тиіс. Әрбір жұмыс сапалы әрі талапқа сай орындалуы қажет, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар ол кәсіпорын ұжымына алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, өндіріс ошағының аудан халқының әл-ауқатын арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.

Жалпы, «Qazaq Camel» серіктестігі жүзеге асырып жатқан бұл жоба Арал ауданындағы индустриялық-инновациялық даму бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып саналады. Зауыттың іске қосылуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын дамытуға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашпақ.

Advertisements