Жылыту маусымы сараланып, коммуналдық қарыздар және санитарлық тазалық мәселелері талқыланды

46

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Жиын барысында өткен жылыту маусымының қорытындылары сараланып, алдағы жылыту кезеңіне дайындық мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар коммуналдық қызметтер бойынша қалыптасқан берешектер, бос тұрған ғимараттардың жай-күйі және «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Мәжіліс басында аудан әкімі бұл мәселенің бүгінгі Үкімет отырысында және облыс деңгейінде өткен кеңейтілген жиында қаралғанын атап өтіп, алдағы қыс маусымына дайындық жұмыстарын бүгіннен бастап жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты.

– Жылыту маусымына дайындық – тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды уақытылы әрі сапалы ұйымдастыруымыз қажет, – деді аудан әкімі.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша жауапты сала басшылары өткен жылыту кезеңінің қорытындылары мен алдағы атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Аудан басшысы бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу деңгейін тыңдап, анықталған кемшіліктерге байланысты нақты міндеттер жүктеді.

Әсіресе өткен жылы жеткізілген көмір көлемі, табиғи газбен қамтылған елді мекендердің саны және халықтың қажеттілігі жан-жақты сараланып, келесі маусымға қажетті қатты отын көлемін нақты жоспарлау тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатыны және жауапты тұлғалардың жеке жауапкершілігіне алынатыны ескертілді.

Жиында әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығы да ерекше назарға алынды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік сала мекемелерінің жылу жүйелерінің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі қазіргі таңда аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Арал қаласы, Жақсықылыш және Сексеуіл кенттері, сондай-ақ Шижаға мен Қамыстыбас елді мекендерінің тұрғындары көгілдір отын игілігін көріп отыр.

Сонымен қатар алдағы уақытта бірнеше әлеуметтік нысанды табиғи газ жүйесіне қосу жоспарланған. Осыған байланысты аудан әкімі жауапты мекемелерге газдандыру жұмыстарын жеделдетіп, келесі жылыту маусымына дейін барлық жоспарланған жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды.

Мәжілісте коммуналдық қызметтер бойынша қалыптасқан қарыз мәселесі де көтерілді. Аудан басшысы көгілдір отын, электр энергиясы және ауыз су қызметтері бойынша мемлекеттік мекемелердің берешек көлемі ұлғайып отырғанын айтып, қалыптасқан қарыздарды бір апта ішінде толық өтеу жөнінде нақты тапсырма берді.

Жиын барысында бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану немесе оларды жою мәселесі де қаралды. Бұл мәселенің облыс деңгейінде көтерілгенін атап өткен аудан әкімі бұған дейін Арал қаласындағы апатты және пайдаланылмай тұрған нысандарды аралау барысында оларды бұзу жөнінде нақты тапсырмалар берілгенін еске салды.

Алайда кейбір бөлімдерге қарасты бос тұрған ғимараттар бойынша осы күнге дейін нақты шешім қабылданбағаны айтылды. Осындай жағдайлардың бірқатар ауылдық округтерде де кездесетіні сынға алынды.

Аманжол Сақыпұлы тапсырмаларға салғырт қараған жауапты тұлғаларға қатаң ескерту жасап, бір ай ішінде аталған мәселелер бойынша нақты нәтижелер көрсетілмеген жағдайда кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін екенін жеткізді.

Мәжілісте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының орындалу барысы да жан-жақты талқыланды.

Аудан әкімі Арал қаласы әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстардың өте төмен деңгейде жүргізіліп отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, көшелер мен қоғамдық орындардағы тазалық мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Қаланың көзден таса аймақтарында тұрмыстық қалдықтар мен заңсыз қоқыс орындарының көбеюі санитарлық жағдайдың нашарлауына себеп болуда.

Жиын барысында анықталған кемшіліктер арнайы дайындалған слайдтар арқылы көрсетіліп, жауапты тұлғаларға таныстырылды. Аудан әкімі бұл мәселелер бойынша қала әкімдігіне бірнеше мәрте тапсырмалар берілгенімен, нақты нәтиженің байқалмай отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар ауылдық елді мекендердегі санитарлық тазалық жұмыстары да талапқа сай емес екені айтылды. Кейбір ауылдық округтерде тазалық талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралардың қолданылмауы сынға алынды.

Атап айтқанда, бірқатар ауылдық округтерде учаскелік полиция инспекторлары тарапынан санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға бірде-бір әкімшілік хаттама толтырылмағаны белгілі болды. Осыған байланысты аудан әкімі аудандық полиция бөлімінің басшылығына бірқатар ескертулер жасап, заң талаптарының орындалуын күшейтуді тапсырды.

Мәжілісті қорытындылаған Аманжол Оңғарбаев көтерілген барлық мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Ол мемлекеттік қызметтің басты өлшемі берілген тапсырмалардың нақты орындалуы екенін айтып, өз жұмысына жауапкершілікпен қарамайтын басшыларға талап әрқашан жоғары болатынын ескертті.

– Әрбір тапсырма орындалуымен құнды. Халықтың мәселесін шешуге, ауданның дамуына және қордаланған түйткілдерді жоюға бағытталған жұмыстар нәтижелі болуы тиіс. Сондықтан жауапкершілік пен тәртіп барша басшы үшін басты қағида болуы қажет, – деді аудан әкімі.

Жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты мекемелер мен сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.

Advertisements