Күн тәртібінде маңызды мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте қаралған мәселелер күн тәртібіне шығарылып, олардың аудан көлемінде орындалу барысы жан-жақты сараланды. Әсіресе өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жиында аудан бойынша әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерінің техникалық жай-күйі, қатты отын қорының жеткіліктілігі, коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің дайындығы және инженерлік инфрақұрылымдардың қысқы кезеңге әзірлігі талқыланды. Жауапты сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, дайындық барысы жөнінде есеп берді.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек жылу беру маусымына дайындық тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Жылу беру маусымы – ерекше жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Сондықтан бұл мәселеге бүгіннен бастап мұқият дайындалуымыз қажет. Ең алдымен тұрғындарды қатты отынмен толық қамтамасыз етуге басымдық берілуі тиіс. Қыс мезгілінде қандай да бір қиындықтарға жол бермеу үшін барлық дайындық жұмыстары уақытылы және сапалы атқарылуы керек, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар аудан әкімі коммуналдық инфрақұрылым нысандарын жөндеу және жаңғырту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Әлеуметтік нысандардың, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің жылу беру маусымына толық дайын болуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.
Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне барлық қажетті дайындық шараларын белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Мәжілісте қаралған маңызды мәселелердің бірі – ауданның салық базасын ұлғайту және бюджет кірістерін арттыру бағытындағы жұмыстар болды. Бұл мәселе бойынша жауапты сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, қосымша резервтерді анықтау бағытында қолға алынған шараларды таныстырды.
Аудан әкімі аудандық бюджеттің тұрақтылығы мен даму бағдарламаларының тиімді жүзеге асуы салық түсімдерінің көлеміне тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда облыс басшылығы аудандық бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайтуға ерекше мән беріп отыр. Сондықтан салық базасын кеңейту, қосымша қаржы көздерін анықтау және түсімдердің толық әрі уақытылы түсуін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс, – деді Жандос Еркінбек.
Жиын барысында жолаушылар тасымалы саласындағы мәселелер де талқыланды. Атап айтқанда, Жосалы кентінен Қызылорда қаласы мен Төретам кентіне қатынайтын жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөліктердің қызметі қаралды.
Аудан басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы керектігін атап өтіп, тасымалдаушылардың қызметін заң талаптарына сәйкестендіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
– Жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктерде қауіпсіздік талаптарының толық сақталуы қатаң бақылауда болуы қажет. Сонымен қатар автокөлік иелерінің қызметі қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Бұл бағыттағы бақылау шараларын күшейту қажет, – деді аудан әкімі.
Жиын қорытындысында қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Аудан басшысы әрбір тапсырманың сапалы және уақытылы орындалуы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өңірдің одан әрі дамуына негіз болатынын атап өтті.







