Қазалы ауданында жылыту маусымына дайындық және бірқатар өзекті мәселелер қаралды

36

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте өткен жылыту кезеңінің қорытындылары және алдағы жылыту маусымына дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Жиынға кент, қала және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.

Мәжіліс басталар алдында аудан әкімі бірқатар кадрлық өзгерістерге тоқталып, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес 2026 жылдың 3 мамырында өткен Бірлік ауылдық округі әкімінің сайлауының қорытындысы бойынша округ әкімі болып сайланған Аман Бауыржан Толықболұлын таныстырды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы және санитарлық тазалық мәселелері қаралды.

Аудан әкімі өткен 2025–2026 жылғы жылыту маусымының тұрақты өткенін атап өтіп, алдағы қысқы маусымға дайындықты қазірден бастап жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты. Осыған байланысты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығын қамтамасыз ету, қатты отын қорын уақытылы жасақтау, көпқабатты үйлердегі жылу жүйелерін ретке келтіру және коммуналдық мекемелердің жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар газдандыру жұмыстарының қарқынына ерекше назар аударылды. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Үрмәш Түктібаев ауылдарын табиғи газға қосу жоспарланып отырғаны айтылып, әлеуметтік және әкімшілік нысандарды газ жүйесіне бейімдеу жұмыстарын жеделдету міндеттелді.

Жиында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Аудан басшысы Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру лагерінің қазіргі жағдайын сынға алып, демалыс маусымына дейін нысанды толық ретке келтіру, аумақты абаттандыру, тазалық жұмыстарын күшейту және балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы ерекше ескертілді.

Күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы да талқыланып, жоспар көрсеткіштерінің төмен орындалып отырғаны сынға алынды. Ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекеме басшыларына шақырылушыларды нақтылау, шақыру қағаздарын дер кезінде жеткізу және медициналық тексеруден өткізу жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Мәжіліс қорытындысында аудан аумағындағы санитарлық тазалық, көгалдандыру, түнгі жарықтандыру және қоғамдық орындардың жай-күйіне қатысты мәселелер көтеріліп, барлық кент, қала және ауыл әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру және анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты міндеттер қойылды.

Advertisements