Кәріз жүйелерін жақсартудың жолдары пысықталды

Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов бастаған жұмысшы топ «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнына қарасты кәріз насос станцияларының жай-күйіне арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – қала тұрғындарына үздіксіз әрі сапалы коммуналдық қызмет көрсету, кәріз жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және инфрақұрылым нысандарының техникалық жағдайын бақылау.
Қаладағы инженерлік инфрақұрылымның маңызды бөлігі саналатын кәріз жүйесі халықтың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан аталған саладағы нысандардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі ерекше назарда.
Зерделеу барысында жұмысшы топ №6 «Южный» кәріз насос станциясын, №101 орта мектеп жанындағы кәріз насос станциясын, Саяхат тұрғын ауданындағы шағын КНС пен натрий гипохлоридін өндіру қондырғысын аралап, олардың қазіргі техникалық жағдайымен танысты.
Мамандар нысандардағы жабдықтардың жұмысын, санитарлық талаптардың сақталуын және жүйелерді жаңғырту бағытындағы жұмыстарды саралады. Сонымен қатар кәріз жүйелерін қазіргі талаптарға бейімдеу, техникалық қуатын арттыру және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту мәселелері қаралды.
Жұмыс сапары барысында Тасбөгет кенті тұрғындарының шағымдарына байланысты модульді биологиялық тазарту станциясының қызметіне де назар аударылды. Атап айтқанда, тұрғындардың ұсыныстары мен экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, бұл нысанда ассенизаторлық автокөліктерден қабылданатын сарқынды сулар жолы тоқтатылған.
Қазіргі таңда осы қызмет түрін реттеу және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Саяхат тұрғын ауданында арнайы есептелген шағын кәріз насос станциясының құрылысы жүргізілуде.
Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін сарқынды суларды қабылдау мен тазарту жүйесінің тиімділігі артып, экологиялық және санитарлық қауіпсіздік талаптарының сақталуына мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі тарапынан коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, инженерлік жүйелердің сапасын арттыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.
Жалпы, мұндай зерделеу жұмыстары коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға, апатты жағдайлардың алдын алуға және шаһардағы инженерлік жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.







