Арал: Жаңа ауылдық клуб халық игілігіне берілмек

86

Арал ауданына қарасты Аманөткел елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 150 орындық заманауи ауылдық клубтың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған болатын.

Жаңа клуб ауыл халқының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге және жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған заманауи орталық болмақ. Ауыл тұрғындары үшін мәдениет ошағына айналатын нысанда барлық қажетті жағдай қарастырылған.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдері толық аяқталған. Атап айтқанда, ғимараттың негізгі қаңқасы тұрғызылып, ішкі бетон еден төсеніштері мен қабатаралық бетон бөлгіштерін құю жұмыстары сапалы орындалған.

Сонымен қатар нысанға инженерлік инфрақұрылым толық тартылып, сыртқы ауыз су, кәріз жүйелері және әуе электр желілері жүргізілген. Бұл болашақ мәдениет нысанының тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде құрылыс алаңында ішкі әрлеу, сырлау және кафель төсеу жұмыстары толық аяқталып, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ғимарат аумағын қоршау, асфальт төсеу және брусчатка орнату жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Нысан құрылысына жауапты бас мердігер мекеме – «Жабдықтау» ЖШС құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше көңіл бөлуде.

Жоба толық аяқталғаннан кейін жаңа ауылдық клуб ел игілігіне беріліп, мәдени-көпшілік шаралардың орталығына айналады деп күтілуде. Мұнда концерттер, түрлі шығармашылық кештер, кездесулер, үйірмелер мен жастарға арналған танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ жаңа нысан ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың өнер мен руханиятқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға арналған игі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Advertisements